Caspian News, 19 мамыр. Атырауда Халықаралық музейлер күніне орай өзгеше стильдегі ауқымды мәдени-танымдық шара өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашық аспан астындағы алаңында ұйымдастырылған «Музей Vibe: өткен мен болашақ үндестігі» атты кеш дәстүрлі құндылықтар мен заманауи трендтерді бір арнаға тоғыстырды.
Шараның басты мақсаты — тарихи-мәдени мұраны жаңа форматта дәріптеу, музей ісіне цифрлық және интерактивті тәсілдерді енгізу арқылы жастарды тарту.
Мәдениет майталмандарына құрмет
Кештің ресми бөлігінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев сөз сөйлеп, қала тұрғындары мен қонақтарын кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ұлттық код пен жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап жүрген музей қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне ерекше алғыс білдірді.
Көне өнер жаңғырған шеберлік сағаттары
Мерекелік кеш аясында келген қонақтар үшін елімізге танымал қолөнер шеберлерінің қатысуымен арнайы воркшоптар мен танымдық алаңдар ұйымдастырылды.
Айгүл Рамазанова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары:
«Біз бұл жолы музейге келушілерді жаңа форматпен баурап алуды көздедік. Шара аясында Ләйлә Жарқынқызының текемет басу өнері, Талғат Махуовтың көне қыш құмыра жасау өнері және Гүлзира Қуанышқызының ілмек жіппен тоқу шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Балалар үшін интерактивті танымдық ойындар, сурет байқауы мен аквагрим қарастырылған. Тек ойын-сауық емес, ересектер мен жас зерттеушілер үшін археология мен ғылым саласындағы өзекті тақырыптар төңірегінде ашық пікірталас алаңын да құрдық».
«Тәуелсіз Қазақстан» залы жаңартылған кейіпте ашылды
«Музей Vibe» кешінің ең маңызды оқиғаларының бірі — музейдегі «Тәуелсіз Қазақстан» залының ауқымды реэкспозициядан (қайта жабдықтаудан) кейінгі салтанатты ашылуы болды.
Жаңартылған экспозиция залына еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды тарихи белестері мен Атырау өңірінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуын айшықтайтын, бұрын-соңды көпшілік назарына ұсынылмаған тың мұрағаттық материалдар мен заманауи жәдігерлер қойылды. Кешке жиналған қауым жаңарған залдың алғашқы көрермендері атанып, тарих қойнауына виртуалды әрі шынайы саяхат жасады.
