Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУСІЗ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ: ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІК

Caspian News, 20 мамыр. Қазақстанда жоғары оқу орнын үздік нәтижемен аяқтаған білімді жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың оңтайландырылған жаңа тетігі іске қосылған. Жаңа ережеге сәйкес, ЖОО-ны жоғары үлгеріммен бітірген түлектер ұзаққа созылатын конкурстық іріктеу кезеңдерінен өтпей-ақ, тікелей жұмысқа қабылдана алады.

Заңнамалық талаптар бойынша, GPA (орташа үлгерім балы) көрсеткіші 3,33 және одан жоғары болған түлектер оқуын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде уәкілетті органның келісімімен конкурссыз төменгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алады.

Жас маманның жетістігі: Дария Әділжанқызының оқиғасы

Осы мемлекеттік қолдау мен жеңілдікті тиімді пайдаланып, өз өңірінде қызметін бастаған жас мамандардың бірі — Дария Әділжанқызы.

Дария 2025 жылы Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Оның оқудағы көрсеткіші 3,72 GPA құраған. Жоғары үлгерімінің арқасында ол конкурстан тыс іріктеліп, қазіргі таңда Атырау облысы Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінде бас маман қызметін абыроймен атқарып келеді.

бұл бастама білімді әрі білікті жастарды мемлекеттік аппаратқа тартып, жас кадрлардың кәсіби әлеуетін ел игілігіне тиімді пайдалануға бағытталған.

«Мемлекеттік қызмет — үлкен жауапкершілік»

Жас маманның айтуынша, бұл реформа тек жұмысқа орналасуды жеңілдетіп қана қоймай, жастардың туған жеріне оралып, оның гүлденуіне үлес қосуына үлкен қозғаушы күш болып отыр.

Дария Әділжанқызы, Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

«Аталған бастама жас мамандарды мемлекеттік қызметке ынталандырып қана қоймай, жастардың туған жеріне келіп еңбек етуіне жол ашады. Көрсетілген қолдау аясында жас мамандар өздерінің алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, өңірдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік алып отыр деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызмет халықпен тікелей жұмыс істейді. Яғни, осы бағытта кәсібилікпен қатар мемлекеттік қызметте жауапкершілік, тәртіп, адалдық және халықпен дұрыс қарым-қатынас орната білу аса маңызды. Жас маман ретінде өз білімім мен қабілетімді халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға және ауданның дамуын ілгерілетуге бағыттағым келеді».

Сарапшылардың пікірінше, үздік түлектерді конкурссыз жұмысқа қабылдау жүйесі аудандық және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге және мемлекеттік басқару жүйесін жаңашыл идеялармен толықтыруға септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз...

ҰЛТТЫҚ БЮРОНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫ ЖАЗАЛАНДЫ (видео)

КӘСІПҚОЙ БОКСШЫ ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ЕЛІМІЗДЕ БАЛАЛАР ҮШІН ЗИЯНДЫ КОНТЕНТТЕН ТҰРАТЫН 38 МЫҢНАН АСТАМ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС БҰҒАТТАЛДЫ