Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениет

КҮН СӘУЛЕЛІ БАЛАЛАР АНАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ЖӘННАТ» ҚОЙЫЛЫМЫН САХНАЛАДЫ

Caspian News, 14 мамыр. Атырауда Аналар күніне орай «күн сәулелі» балалардың қатысуымен ерекше театрландырылған қойылым өтті. «Мен бармын!» қоғамдық қорының тәрбиеленушілері сахна төрінде ана махаббаты мен сенімін арқау еткен «Жәннат» туындысын көрермен назарына ұсынды.

Аналар күніне тарту

Мамыр айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Аналар күніне орайластырылған бұл шараның маңызы терең. Қойылым арқылы Даун синдромы бар жастар ананың адам өміріндегі баға жетпес орнын, перзенттік парыз бен шынайы мейірімді театр өнері тілімен жеткізді.

«Мен бармын!» қорының жемісті еңбегі

Осыдан 8 жыл бұрын 16 жастан асқан ерекше жасөспірімдерді қоғамға бейімдеу мақсатында құрылған «Мен бармын!» қоры бүгінде үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда қорда 20-дан астам бала тәрбиеленуде. Театр өнері олар үшін тек хобби емес, өзін-өзі дамыту мен әлеуметтенудің негізгі құралына айналған.

Зайда Нұғманова, «Мен бармын!» қоғамдық қорының жетекшісі:

«Балаларымыз алғаш рет сахна төріне шыққанда эмоциямызды ұстай алмай, бәріміз жыладық. Күнделікті өмірде еркелеп, тентек болып жүретін балалар сахнаға шыққанда өздерін жинап, нақты образға кіріп, рөлдерін керемет алып шықты. Олардың бұл жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш, жүрегімізді тебіренткен сәт болды».

Шыңдалған шеберлік

«Жәннат» қойылымы — бұл ұжымның алғашқы еңбегі емес. Ерекше актерлер бұған дейін де түрлі республикалық жарыстарға қатысып, сан алуан шығармаларды сахналап үлгерген. Олар еліміздің өзге өңірлерінде де гастрольдік сапармен болып, көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп жүр.

Театрландырылған бұл шара ерекше жандардың талантында шек жоқ екенін және олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде кез келген биікті бағындыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз...

БЫЛТЫР КАСПИЙ ТЕҢІЗІ АРҚЫЛЫ 13,2 МЛН. ТОННА МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАНҒАН

КАЗАХСТАН ДОБУДЕТ 96,2 МЛН ТОНН НЕФТИ В 2025 ГОДУ

ТЕҢІЗДЕН ҚАУІП ТӨНУІ СЕБЕПТІ ЖАНБАЙ ХАЛҚЫ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ КӨШІРІЛДІ