Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілер саны 22-ге жетті. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлайды.
Айта кетейік, бүгін таңертең Костенко атындағы шахтада өрт болып, 11 адам көз жұмғанын, әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға 18 адам жеткізілгенін жазған едік.
Одан кейін опат болғандары саны арта берді. Қазіргі сәтте қаза болған кеншілердің саны 22-ге жетіп отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ, Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Одан бөлек, ҚР Бас прокуратурасы Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.