Жаңалықтар

КОМСОМОЛДАР 100 ЖЫЛДЫҚТЫ ТОЙЛАДЫ

Атырауда комсомолдың 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Оған Кеңес өкіметі кезінде комсомол ұйымының мүшелігінде болған аға буын өкілдері қатысып, би билеп, ән салды. Осылайша, жастық шақты еске алды.

Естеріңізде болса, бұл ұйымның мерейтойын атап өту еліміздің мәдени ошағы саналатын Алматы қаласынан бастау алған еді. Оған әртүрлі деңгейдегі саяси қайраткерлер мен шенеуніктер қатысты. Дегенмен, бұл шара әсіресе орта буын өкілдері арасында аса қолдау таппады. Бұрынғы комсомолдықтардың әрекетінен саяси астар іздеп, ұлттық идеологияға нұқсан келеді дегендер де табылды. Осындай қоғам өкілдерінің бірі — азаматтық белсенді Арман Хайруллин. Аталған шараға байланысты ол өз ойын былайша білдірді:

Арман ХАЙРУЛЛИН, азаматтық белсенді:

— Мен үшін коммунизм мен комсомол ұғымы егіз. Ол қазіргі қоғамдық формацияға сай емес, құлдық идеологиялар. Кезінде біздің елімізге үлкен қасіреттер әкелген идеология. Қазір енді сол кезде бақтары жанған ағаларымыз, эгоизмге салынып, ұлттың қасіретін ойламай, комсомол бізге жақсы нәрселер үйретті, біз мынадай үлкен істер тындырдық деп мақтап жатады. Қолымда ешқандай дәлел жоқ, бірақ жел соқпаса шөптің басы қозғалмайды десек, менің ойымша бұл орыс әлемінің арнайы ұйымдастырған науқаны. Коммунизмді, комсомолды жоқтаушылар ортамызда әлі бар.

Шараны Қазақстан Коммунистері Халықтық Партиясының Атырау облыстық филиалының басшылығы мен бұрын комсомол қатарында болған қала тұрғындары. Олардың айтуынша, бұл шараның маңыздылығы сонда — аға буын өкілдері үшін өткен күнді еске түсіруге тамаша себеп және өскелең ұрпақ үшін үлгі екен. Атырау коммунистерінің басшысы Ерболат Дәулетқазиевтің сөзіне сенсек, Құрманғазы мәдениет үйінде алдын-ала жоспарланған салтанатты шара ұйымдастыру комиссиясының шешімімен өткізілмей қалған.

Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ, ҚКХП АОФ төрағасы:

— Біздер ҚХКП мемлекеттік тіркеуден өткен, өз рұхсатымыз бар партиямыз. Мәжілісте депутаттарымыз бар. Қазіргі партия саясаты халық үшін, халықтың игілігі үшін. Енді жақында өткен 100 жылдыққа жоғары жақтан арнайы ұсыныс келді. Бізге әртүрлі сөздер айтылды. Дегенмен ұйымдастыру комитетінің құрамында әкімнің орынбасары болды, үлкен лауазымды адамдар болды. Бұдан ешқандай саяси астарды іздеудің қажеті жоқ. Біз тек жақсы жақтарын ғана алдық. Астанадан арнайы ұсыныс хат келіп түсті, осы мейрамды атап өтіңдер деген. Біз ешнәрсені аяқастынан жасамаймыз. Орталық комитетке ұсыныс жасаймыз, олар жоғарғы жаққа жеткізеді. Ертең 7 қараша Лениннің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды жоспарлап отырмыз.

Қалай десек те, бұл шара биліктегі аға буын өкілдерінің бастамасымен ұйымдастырылды. Жергілікті әлеуметтік желі белсенділерінің біразы өре түрегеліп, тіпті видеоүндеу де жариялады. Осындай наразылықтардың әсері ме, әлде басқа себеп пе, әлеуметтік желіде коммунистердің салтанатты жиынының өзге форматта өтетіндігі жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Солай болды да. Айта кетейік, комсомол ұйымының 100 жылдығын атап өту үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлінген жоқ.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *