Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА «MӘДЕНИ QUIZ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСЫ ӨТТІ

Caspian News, 21 мамыр. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мәдениет саласы өкілдерінің басын қосқан «Mәдени QUIZ» атты ауқымды интеллектуалды танымдық ойыны өтті. 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл шараға аймақтағы театр, музей, кітапхана және өзге де мәдени орталықтардың қызметкерлерінен құралған 10 команда қатысты.

Зияткерлік дода жеті кезеңнен (турдан) тұрды. Қатысушылар өнер, тарих, логика мен мәдениет саласына қатысты сан түрлі күрделі сұрақтарға жауап беріп, өзара бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба мекемелер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтумен қатар, әріптестік достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

«Мақсат — ынтымақтастықты арттыру және ой-өрісті кеңейту»

Ойын барысында сөз алған ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл форматтың мәдениет қызметкерлері үшін таптырмас рухани демалыс екенін атап өтті.

Мөлдір Нұрбекқызы, Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының әдіскері:

«Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз — Мәдениет басқармасына қарасты түрлі мекемелерде еңбек етіп жатқан әріптестердің арасындағы ынтымақтастықты арттыру және оларды жақыннан таныстыру. Бүгінгі квизге 10 мекеме қатысып жатыр. Сайыс жалпы 7 кезеңнен тұрады. Сұрақтардың форматы әртүрлі: суретті тапсырмалар, логикалық жұмбақтар және мәдениет тарихына байланысты арнайы тест сұрақтары дайындалды».

Қоблан Ескендіров, зияткерлік сайысқа қатысушы:

«Бұл ойын мәдениет қызметкерлері арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мен осымен 2-3 рет қатысып тұрмын, бұған дейін ұжымымызбен екінші және үшінші орындарды иеленген болатынбыз. Ойынның форматы мен сұрақтары бізге өте ұнайды. Мұндай сайыстар адамның көкжиегін кеңейтіп, интеллектуалды деңгейін арттыруға жақсы септігін тигізеді. Өзіме де, біздің ұжымға да ерекше әсер беретіндіктен, бұл додадан қалмай келіп тұрамыз».

Интеллектуалды доданың жеңімпаздары

Жеті кезең қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинап, логикалық тапқырлығымен және терең білімімен оқ бойы озық шыққан ұжымдар анықталды:

  • Бас жүлде (І орын) — Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының командасына бұйырды;

  • ІІ орын — Тарихи деректер мен сұрақтарға дәл жауап берген Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы иеленді;

  • ІІІ орын — Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының командасы қанжығасына байлады.

Сайыс соңында жеңімпаз атанған және белсенділік танытқан барлық ұжымдар арнайы дипломдармен, бағалы және естелік сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды.

Оқи отырыңыз...

ҚАРАША ҚҰБЫЛМАЛЫ БОЛАДЫ

БЕСПОЛЕЗНОЕ СОБРАНИЕ (видео)

Президенттік сайлаудың мерзімі анықталды