Caspian News, 3 қыркүйек. Атыраулық Әнуар Дүйсалиев жарты ғасырдан бері қазақы тазы өсіріп, атасы мен әкесінен дарыған саятшылық өнерді төртінші буынға ұластырып келеді. Бүгінде бұл шаңырақта Тұйғын, Ханшайым, Семсер және Аңыз есімді 10 тазы бапталуда.
Саятшылар асыл тұқымды жүйрік иттерді баптау арқылы олардың өсімін молайтуды басты мақсат етеді. Атыраулық саятшының баптауындағы тазылар бірнеше дүбірлі бәйгелерде топ жарып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
🐾 Баптау сырлары мен ұрпақтар сабақтастығы
Тазы баптау — ерекше күтім мен үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Әнуар Дүйсалиевтің айтуынша, иттің денсаулығын басты назарда ұстап, уақытылы екпелерін салу және арнайы дәрумендер беру өте маңызды. Ал аңшылық кезінде олжаны жеп қоймауы үшін итке шикі ет берілмейді, тамағы арнайы пісіріліп дайындалады.
Әнуар ДҮЙСАЛИЕВ, Атырау қаласының тұрғыны:
«Атам, әкем кеңес үкіметі кезінен бері тазы ұстаған. Өздеріңіз білетіндей, «атадан ұл туса, аға жолын қуар» дейді. Сол өнер әкемнен маған, менен балама, енді немереме өтіп, жалғасып келеді. 2018 жылы туған «Тұйғын» деген тазымыз бірталай жетістікке жетіп, жүлделі орындар алды. Қай жерде таза, жүйрік тазылар бар десе, соларды алып, күшік сүйіп, асылдандырып баптаймыз».
Сондай-ақ әулеттің кенжесі Әділжан да кішкентайынан тазы баптаудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Ол үшін бұл — жай ғана әуестік емес, ұлттық дәстүрді дәріптеудің көрінісі.
Әділжан ӘНУАР, саятшының немересі:
«Сабақтан келген соң бос уақытымда тазыларымды ойнатамын. Маған ең жақыны — Семсер, оны күтіп-баптағанды қатты ұнатамын. Болашақта атам сияқты тазы бағуды жалғастырғым келеді».
📅 Атаулы дата: Қазақ тазысы мен төбеті күні
Елімізде алғаш рет 3 қыркүйек — Қазақ тазысы мен төбеті күні ретінде аталып өтуде. Мерекелік дата 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) қазақ тазысын алдын ала тану туралы тарихи шешіміне байланысты белгіленген болатын.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабына 4 мыңға жуық тазы тіркелген.
