Caspian News, 2 қазан. Атырауда «Квадрат» булану алаңының жанында салынып жатқан кәріз суын тазалау станциясының құрылысы тағы да кешігетін болды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болғандай, 40 млрд теңгеге жуықтаған бұл нысанның жобалау жұмыстарында өрескел қателіктер кеткен.
40 жыл бұрынғы технология және қымбат реагенттер
Тазалау станциясының жобасында ескірген тәсілдер қарастырылған. Құрылыс басында өткен жиында белгілі болғандай, биологиялық тазалау бөлімінде фосфорды бөлу реагенттер есебінен жүргізілмек болған, бұл қазіргі уақытта өте қымбатқа түседі.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, қателік жібергендер жауапқа тартылуы тиіс екенін атап өтті:
«Бір жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеп, екі жылдың ішінде мәселені шешу керек. Жобалау жұмыстары дұрыс болмады екен, бірақ оны қалай болса да бітіру керек. Жобаны өзгертіп, тағы инвестиция салу керек. Заманауи технологияларды пайдалану қажет. Жобада қаралған технологиялар 40 жыл бұрын пайдаланылған. Сондай қателер кетті, шындығын айту керек. Кім қателікті жіберді — оларды табу керек».
Электр желілерін жаңғыртуға 27,5 млрд теңге бөлінеді
Сапар барысында инфрақұрылымды жаңартудың екінші маңызды бағыты — электр желілерінің тозуын азайту мәселесі де талқыланды. Ұлттық жоба аясында «Қазақстан Халық Банкі» 27,5 млрд теңге көлемінде 15 жылға несие желісін ашуға келісім берді. Жоба бойынша қала мен аудандардағы 110, 35 және 6-10 киловольттық электр желілері жаңартылып, қосалқы станциялар мен трансформаторлар ауыстырылады.
Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев қала көшелеріндегі жер бетімен өтетін желілерді жер астына орналастыруды тапсырды.
«Атырау Жарық» ЖШС басшысы Мейірбек Губашевтің айтуынша, бұл жұмыстар желілердің тозу көрсеткішін жыл сайын 5 пайызға азайтып, 2030 жылға қарай тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ апаттар мен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Жобалық құжаттарды қазан айының соңына дейін аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізген соң, құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылдың 1 ақпанынан басталмақ.
Тариф саясаты қалай өзгереді?
Электр желілерін жаңғыртуға тартылатын несиелер тариф құнына қалай әсер ететіні туралы да айтылды. Үкімет басшысының орынбасары тарифтің шектен тыс өсуіне жол берілмейтінін білдірді.
«Ұлттық жобаны зерттегенде субсидиялық мәселелерді қарадық. Мысалы, монополистер нарықтан 20 пайызбен қаржыны тартса, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялап береді. Тек 10 пайызы ғана тарифке қосылатын болады. Негізі тарифтер өссе, ашықтық пен әділдік түрінде өсуі тиіс. Тиісті ұстаным бар, Табиғи монополияларды реттеу комитеті бар. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отыр», — деді Қанат Бозымбаев.
Жұмыс сапары аясында вице-премьер тасқыннан кейін құрылған каналдарды күтіп ұстауға жауапты «Табиғат», «Атырау облысы Су арнасы», «Атырау жылу жүйелері» мекемелері мен «Айдана Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, нақты тапсырмалар жүктеді.
