Халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарды қабылдауды бастады. Екі айға жуық уақыт үйде қамалған атыраулықтар мекеменің ашылатынын естіген бойда таң атысымен ғимараттың алдына тізілді. Көбін құжаттарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткендігі алаңдатады. Ал алдын ала кезекке жазылмағандар ішке кіре алмай қиналуда.
Бірақ орталықтағылар келгендердің бетін қайтарып жатқан жоқ. Ғимараттың бір бөлігінде оларды кезекке тіркеп жатыр. Ең бастысы да сол — орын брондау. Әрі қарайғы жұмысты мамандар әп-сәтте аяқтап береді.
Халыққа қызмет көрсету орталығы карантинге байланысты 700-ге жуық қызметтің тек 20 пайызын қағаз түрінде жүзеге асырады. Қалған қызметтер онлайн жүзеге асырылғанымен, электронды құжатты жасақтамаққа келгендер де аз емес. Орталық қызметкерлері олар үшін смартфон арқылы көмек көрсетуде.
Нұрлыбек БАҚТЫҒАЛИ, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ АОФ баспасөз хатшысы
- Мүмкіндігінше жұмыстардың барлығын реттеп, қызмет көрсетіліп жатыр. Және айта кететін жағдай, мүгедектер, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар онлайн алатын қызметті орталыққа келіп, бір терезеден ала алады. Бірақ олардың өзі де алдын ала брондау арқылы жүзеге асырылады.+ 03:36 Бізде тек қалалық қана бөлімдер қызмет көрсетуде. Ал аудандық бөлімдерді келесі аптада ашуды жоспарлап отырмыз. Мамандар жеткілікті. Штат бойынша 250 қызметкер қызмет етуде.
Айта кету керек, елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жарамдылығы жоғалған құжаттарды 10 шілдеге дейін айыппұлсыз ауыстыру қызметі енгізілген болатын. Сондықтан тұрғындар алдын ала кезекке тіркеліп, құжаттарын екі айда жаңарта алады.