Светлана Атулина 4 жасар кішкентайын емханаға қызылшаға қарсы екпе алу үшін ертіп келіпті. Одан өзге төрт баласы да вакцинаны уақытында алған. Келіншектің сөзінше, перзентінің саулығы үшін уайымдайтын әр әке-шеше аурудың алдын алуы тиіс.
Яғни вакциналарды жасына байланысты уақытылы салдырса, қауіптің алдын алуға әбден болады. Әйтпесе кез-келген аурудан соң баланың иммунитеті нашарлап, вирусты жұқтыруға бейім болады.
Қаладағы №1 емхананың мамандары 58 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 4000 адам қызылшаға қарсы вакцина алуы қажет. Әзірге жоспардың жартысы ғана орындалған.
Салтанат КАЖКЕНОВА, Атырау қалалық №1 емхананың эпидемиолог дәрігері
Қазір 2100 доза игерілді. Қалғанын ары қарай жалғастырып жатырмыз. Медицина қызметкерлері 100 пайыз алды. Енді қазір 6 айдан 11 айға дейін, 2 жастан 5жасқа дейін, сонымен қатар 30 жасқа дейін яғни кезінде екпе алмаған не екпе алғандығы туралы құжаты жоқ, немесе бірінші екпесін алып, екіншіін алмағандарға біздер екпе жүргізіп жатырмыз.
Ал эпидемиологтар облыста қызылша жұқтырғандар көбейіп бара жатыр деп дабыл қағып отыр. Бұған ата-аналардың екпеден бас тартуы себеп.
Өткен жылдың наурыз айынан бері облыста қызылша жұқтырғандардың саны 5000 нан асты. Жалпы өңірде 35 мың адам екпе алуы тиіс. Қазір оның 13 мыңы ғана вакцина салдырған. Ал қызылшаның таралуы жағынан Атырау облысы республикада екінші орында тұр.