Caspian News, 4 қыркүйек. Қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктердегі жинағы рекордтық 30 триллион тенгеге жетті. Бум ба, әлде инфляциялық иллюзия ма?
Қазақстандықтардың банктердегі жинағы соңғы үш жарым жылда 77,5 пайызға өсіп, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша 30 триллион теңгені құрады. Қазақстанның депозитке кепілдік беру қорының (ҚДКТҚ) деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш бар болғаны 16,9 триллион теңге болатын.
Сырт көзге бұл халықтың әл-ауқатының күрт артуы сияқты көрінуі мүмкін. Проценттік көрсеткіштер жыл сайын еселеп өсті:
-
2024 жылғы 1 қаңтар — 20,4 триллион теңге;
-
2025 жылғы 1 қаңтар — 24,5 триллион теңге;
-
2026 жылғы 1 қаңтар — 28,1 триллион теңге;
-
2026 жылғы 1 шілде — 30 триллион теңге.
Алайда сарапшылар бұл сандардың астарында мүлдем өзгеше қаржылық динамика жатқанын айтады.
30 триллион қайдан келді?
Экономист Қуаныш Жаиковтың түсіндіруінше, бұл өсімнің басым бөлігі — азаматтардың банкке тасыған соны қаражаты емес, жоғары базалық ставканың арқасында есептелген пайыздар (капитализация).
«Соңғы жылдары базалық ставка 14–18 пайыз деңгейінде сақталды. Тенгелік депозиттер орташа есеппен 14 пайыздық кіріс алып келді. Барлық салымның 75 пайызы теңгеде екенін ескерсек, банктер осы уақыт ішінде 7,9 триллион теңгені сыйақы ретінде үстіне қосып берген. Осы пайыздарды алып тастасақ, халықтың банктерге әкелген нақты «жаңа» ақшасы — шамамен 5 триллион теңге ғана», — дейді экономист.
Жаиков бұл құбылысты «жоғары ставка арқылы инфляцияны өтеу» деп атайды. Қаржы өзінен-өзі еселеніп, қар көшкіні секілді өсіп жатыр. Ал валюта бағамының бұл өсімге тигізген әсері шамалы: доллар соңғы жылдары 468-ден 488 теңгеге дейін (бар болғаны 4%-ға) ғана қымбаттады, ал валюталық депозиттердің үлесі 34%-дан 20%-ға дейін төмендеді.
Ақша кімнің қалтасында? (0,02% шындығы)
ҚДКТҚ нарықты шартты түрде үш сегментке бөледі:
-
Бұқаралық сегмент (15 млн теңгеге дейінгі шоттар) — 14,8 триллион теңге (жалпы базаның 49,3%-ы);
-
Орташа сегмент (15 млн – 50 млн теңге) — 5,7 триллион теңге (19,2%);
-
Ірі сегмент (50 млн теңгеден жоғары) — 9,5 триллион теңге (31,5%).
Мұндағы ең қызықтысы — елдегі депозитердің үштен бірінен астамы (31,5%) жалпы шоттардың бар болғаны 0,02 пайызына (әрбір 10 000 шоттың 2-еуіне) тиесілі.
Дегенмен, экономист бұл статистиканы тым дүрліктіріп қабылдамауға шақырады. Себебі Қор азаматтарды емес, шоттарды есептейді. Бір адамда бірнеше банкте ондаған шот немесе мүлдем нөлдік қалдығы бар карталар болуы мүмкін.
«Қаржының белгілі бір топтың қолында шоғырлануы бар, бұл — әлемдік тенденция. Табысы төмен азаматтар тапқанын күнделікті тұрмысқа жұмсайды, ал ауқатты тұрғындар табысының басым бөлігін жинай алады. Бұл тек Қазақстанға тән құбылыс емес», — деп атап өтті Қуаныш Жаиков.
Алматылықтар «бай», түркістандықтар «кедей ме»?
Регионалдық кескінде де алшақтық айқын сезіледі. Банк шоттарындағы орташа қалдық (нөлдік шоттарды қосқанда):
-
Алматы қаласы: 201 133 теңге (көшбасшы);
-
Түркістан облысы: 52 496 теңге (Алматыдан 4 есе аз).
Бірақ бұл сандар да өңір тұрғындарының әл-ауқатының нақты айнасы бола алмайды, себебі бір адам ашқан көптеген бос шоттар орташа статистиканы төмендетіп жібереді. ҚДКТҚ тарапынан нақты медианалық сандар берілмеген.
Депозиті бар адам неге кредит алады?
Елде жинақ өскенімен, халықтың кредиттік жүктемесі де азаяр емес. Сарапшының айтуынша, бұл екі полюсте екі түрлі халық тобы тұр. Дегенмен, депозиті бар адамның өзі несие немесе бөліп төлеу (рассрочка) қызметін жиі пайдаланады.
«Бұл — экономикалық тұрғыдан тиімді. Затты 0%-дық бөліп төлеуге алып, қолдағы дайын ақшаны депозитте ұстау арқылы пайызын жеуге болады. Оған қоса, депозиттегі ақша — күтпеген жағдайларға (емделу, жөндеу) арналған «қауіпсіздік жастығы» ретінде сақталады», — дейді экономист.
Базалық ставка төмендесе, 30 триллион қайда кетеді?
Ұлттық банк ставкаларды біртіндеп төмендетіп жатқанына қарамастан, депозиттер базасы әлі де өсіп жатыр. Оның басты себебі — бұрын жоғары ставкамен ашылған ұзақ мерзімді келісімшарттар мен күрделі пайыздардың әсері.
Сарапшылардың болжамынша, Ұлттық банк ставканы одан әрі төмендеткен күннің өзінде халық ақшасын банктен жаппай шешіп алмайды. Себебі депозит — тәуекелсіз құрал.
Алайда, пайыздар инфляция деңгейінен төмен түскен сәтте, жинақталған қаражаттың негізгі бөлігі жылжымайтын мүлік нарығына ағылады.
«Мұнда болжам жасап басымызды қатырудың керегі жоқ. Зейнетақы қорынан ақша шешу науқаны бәрін көрсетті. Отандық инвесторлардың басым бөлігі қаржыны бағалы қағаздарға емес, «бетонға» — яғни Астана мен Алматының баспанасына салуды жөн көреді», — деп түйіндеді Қуаныш Жаиков.
Анықтама үшін: Қазақстанның депозитке кепілдік беру қоры (ҚДКТҚ) бір банктегі кепілдік берілген жинақтардың максималды мөлшерін бекіткен: теңгелік жинақ депозиттері бойынша — 20 млн теңгеге дейін, басқа теңгелік депозиттер бойынша — 10 млн теңгеге дейін, валюталық депозиттер бойынша — 5 млн теңге баламасына дейін.
