ОЛАР ЕНДІ КӨБЕЙМЕЙДІ
Енді қаңғыбас ит-мысықтар зарарсыздандырылып-піштіріледі. «Қайырымды қала» деп аталатын мұндай пилоттық жобаның басты мақсаты – бұралқы ит-мысықтардың айналаға зиян келтіруіне жол бермеу. Сонымен қатар, бұл шара қаңғыбас мысық пен ит санын азайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін қалалық бюджеттен 5 млн теңге бөлініп отыр. Бұл жұмыстарды екі бірдей ветеринарлық клиника атқаратын болады.
Диана НҰРТАЗИНА, мал дәрігері
Зарарсыздандыру, піштіру және оңалту кезеңінен өткеннен кейін оларды далаға жіберетін боламыз. Мұндай процедурадан өткен иттің те, мысықтың да агрессивті болмайтынына сенімдіміз. Ең бастысы, құлағында сырғасы бар ит-мысыққа тиісіп, ашуландырмаған жөн. Себебі, хайуанаттардың қайсысы болмасын өзін-өзі қорғайды. Сондықтан да мал дәрігері ретінде қала тұрғындарын көшедегі ит-мысыққа мейіріммен қарауға шақырамын.
Мамучар ДЖАБАСОВ, «Мейірімді жүрек» ҚҚ өкілі
Жануарларды оңалту кезеңі қоғамдық қор базасында өтеді, содан кейін олар қауіпсіз жерге шығарылады. Жануарлардың әлеуметтік бейімделуі былайша тексеріледі: тамақ ішу кезінде біз иттен тамағын алып кетуге тырысамыз. Егер оған ызаланбаса, демек оны ортаға жіберуге болады деген сөз. Ал, егер, қарсы шауып, тістеуге талпынса онда оны базада қалдырып, ары қарай бейімдейміз немесе сондай итті қажет ететін адамға береміз.
Қазіргі уақытта «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының арнайы базасында 100-ден астам ит пен 30 мысық бар.