Caspian News, 2 ақпан. Қазақстан Үкіметі Стокгольмдегі халықаралық төрелік сотта бұрын-соңды болмаған мәлімдеме жасады. Ресми Астана Қарашығанақ жобасындағы миллиардтаған долларлық шығындарды бекіту үшін шенеуніктердің инвесторлардан пара алғанын ашық мойындады.
«Ескі жүйенің» жемқорлығы мен миллиардтар тағдыры
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан тарапы 2010-2020 жылдар аралығында Қарашығанақ консорциумы (Shell, Eni, Chevron, Лукойл және ҚМГ) ұсынған миллиардтаған долларлық шығындарды «негізсіз» деп тануды талап етуде.
Үкіметтің позициясы бойынша, 2022 жылға дейін елдегі басқару жүйесінде «сыбайлас жемқорлық пен клептократияға» жол берілген. Нақты айтқанда, кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер инвесторлардың мемлекет есебінен жабылатын шығындарын заңсыз бекітіп бергені үшін ірі көлемде пара алған.
Италиядағы сот пен бұлтартпас дәлелдер
Қазақстан бұл жолы өз уәжін 2017 жылғы Италияда өткен сот құжаттарымен бекітіп отыр. Ол құжаттарда мердігер компаниялар Қарашығанақ пен Қашаған кеніштерінде тендер ұту үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергендерін ресми түрде мойындаған болатын.
4 миллиард доллар бәске тігілді
Bloomberg басылымының жазуынша, бұл даудың құны өте жоғары:
-
Егер Қазақстан сотта жеңіске жетсе, мұнай алпауыттары мемлекетке 4 миллиард доллар көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.
-
Қазіргі таңда халықаралық сот Қазақстанның позициясын қолдап отыр, бірақ нақты төленетін сома алдағы уақытта белгілі болады.
Астананың «реваншы»
Бұған дейін Қашаған кенішіне қатысты 4 миллиард долларлық экологиялық айыппұл дауында инвесторлар жеңіске жеткен еді. Енді Астана «ескі Қазақстанның» жемқорлық қателіктерін алға тарта отырып, стратегиялық маңызы бар Қарашығанақ жобасы бойынша мемлекет үлесін қорғап қалуға бекініп отырған сыңайлы.
Анықтама: Қарашығанақ — Қазақстандағы ең ірі газ конденсатын өндіретін кеніш. Оны игеру туралы негізгі келісімдер 1990-жылдары жасалған болатын.
Мұнай-газ саласындағы маңызды жаңалықтарды бізбен бірге бақылаңыз.








