Қазақ тілін оқыту жүйесі сын көтермейді. Бұл туралы бір топ сенат депутаты премьер-министр О. Бектеновке жолдаған сауалында айтты. Сенаторлардың пікірінше, қазақ тілі пәнінің оқулықтары мен оқыту әдістемесінде жүйелілік жоқ, ал қазақ тілінде білім беру сапасы төмен деңгейде қалып отыр.
Сенатор Руслан Рүстемов атап өткендей, биыл алғаш мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алуда, алайда қазақ тілін оқыту әдістемесі заман талабына сай емес.
«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бірақ мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламалары арасында сабақтастық жоқ. Бұл – басты кемшілік. Оқушылардың ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға көңіл бөлінбейді. Грамматика үстірт оқытылады, диктант пен көркем жазу мүлде жүргізілмейді», – деді Рүстемов.
Депутаттың айтуынша, 5-сынып оқушысы өз ойын сауатты жеткізе алмайды, себебі оқу бағдарламасы тіл мәдениеті мен жазу машығын дамытуға бағытталмаған. Ал қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерді даярлау жүйесінде де ортақ стандарт жоқ.
«Филология мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы әр ЖОО-да әртүрлі. Қазақ тілі тек тіл мамандарына ғана емес, өзге сала студенттеріне де кәсіби пән ретінде оқытылуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілі ғылым мен өндірістің тіліне айналады», – деді сенатор.
Сенаторлар үкіметтен келесі шараларды қолға алуды талап етті:
- 
Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау; 
- 
Грамматиканы оқыту ұстанымдарын қайта қарау; 
- 
Қазақ мектептері мен ЖОО-ларда оқыту әдістемесін жетілдіру; 
- 
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту стратегиясын әзірлеу. 
Парламент өкілдері бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешпесе, қазақ тілінің сапалы оқытылмауы елдің болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті.
 
                                                
                     
                                        





