Қазақстан президенттігіне ұсынылатын кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі, деп хабарлады денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Министр орынбасарының айтуынша, жүйке ауруына шалдыққан адамның ойлау жүйесінде, есте сақтау қабілетінде кемістік болады және өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіруі мүмкін.
Психикалық дерттердің тізімі: кофеин, кокаин, галлюциногендер, ұшпалы еріткіштер және басқа стимуляторларды пайдалану салдарынан психика мен мінез-құлықтағы өзгерістер, шизофренияның әртүрлі формалары, тұлға ретінде бұзылу және басқалары.
«Жалпы айтқанда, бұл аурулар сандырақтау, галлюцинация, ақыл-ой және есте сақтау қабілетіндегі кемістікпен байланысты. Диагноз қоюда тұқым қуалау факторы да ескерілуі мүмкін, бірақ диагноз қойғанда дәрігер науқаста байқалған белгілерге сүйенеді», — деп хабарлады вице-министр.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ережелерге сәйкес сайлауға түскісі келетін барлық кандидат міндетті медициналық куәландырудан өтеді.
Қазақстандағы президент сайлауы
Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы лауазымына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірден басталып, 28 сәуірге дейін созылады. Кандидаттар 11 мамырға дейін тіркеледі. Әр кандидат қолдау ретінде 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс.
Дереккөз: Sputniknews.kz