Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы шықты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі, оған Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпарат саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, оны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қайта құру жолымен;
2) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, оған Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен байланыс, ақпараттандыру, «электрондық үкімет», мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылсын.
3. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар, берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес, таратылатын және қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және таратылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақта:
мына:
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;
Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі;»
деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі;»;
«Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі» деген жол алып тасталсын.
6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2019 жылғы 25 ақпан
№848
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.