Батыс санкцияларына байланысты халықаралық активтерін сатады деген ақпаратқа қарамастан, «Лукойл» Қазақстандағы жобалардан шығуды жоспарлап отырған жоқ. Ресейлік компания мұнай өндіру мен өңдеу саласындағы қызметін жалғастырып, «ҚазМұнайГаздың» сенімді серіктесі болып қалып отыр.
Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Лукойлдың» елден кетуі Қазақстандағы мұнай өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етпейді.
«Қазір компанияның Қазақстандағы үлесі шамамен 3,5%. “Лукойл” Теңіз жобасында – 5%, Қарашығанақта – 13,5%, ал Каспий құбыр консорциумында (КТК) – 12,5% үлеске ие», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, компания тек өндірумен ғана шектелмей, өңдеу және бөлшек сауда инфрақұрылымына да инвестиция құйып отыр. Алматыда мотор майларын шығаратын зауыт іске қосылып, «Лукойл» брендімен бірнеше жанармай құю станциясы жұмыс істеп тұр.
Қазір «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» бірігіп «Қаламқас-Хазар» теңіз жобасын іске асыруда. Бұл стратегиялық жоба аясында жылына 4 млн тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарланған.
«Қажет болған жағдайда санкциялық тәуекелдерді болдырмау үшін “ҚазМұнайГазға” 1% үлесті беру қарастырылуы мүмкін, бірақ бұл жобаның құрылымы мен дамуына әсер етпейді», – деп түсіндірді Жұмағұлов.
Сарапшының айтуынша, жыл соңына дейін аталған жоба бойынша 6 млрд АҚШ долларынан астам инвестициялық шешім қабылдануы тиіс.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойлдың» Қазақстан экономикасына 12 млрд доллардан астам инвестиция салып, 94 млн тонна мұнай мен 60 млрд текше метр газ өндіргенін атап өткен. Компания әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына да 300 млн доллардан астам қаржы бөлген.
Осылайша, «Лукойл» Қазақстан мұнай-газ саласында өз позициясын сақтап, елдің энергетикалық тұрақтылығына үлес қосуды жалғастырып отыр.
 
                                                
                     
                                        





