Атырауда көгалдандыру жұмыстары қарқынды алуда. Қала көшелеріне газон төселіп, көздің жауын алар гүлзарлар отырғызылған. Мұнайлы шаһардағы бұл жұмыстарды мердігер мекеме 5 жыл бойы атқарады. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы мемлекеттік сатып алу аясында іске кіріскен компания 37 көше мен 18 саябақтағы 53 мың жасыл желекті баптайды. Одан бөлек жыл сайын қала көшелеріне 5000 түп көшет отырғызуы тиіс. 12 мың шаршы метрді гүлзармен әрлеу де осы компанияның міндетіне кіреді. Бүгінде келісімшарт бойынша бекітілген жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Наурыз айында 3000-нан аса жас көшет отырғызылыпты. Қалған 2 мыңы күзде егілмек.
Қадырбек НҰРКЕЕВ, мердігер мекеме өкілі
- Қазір қала бойынша гүл отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамырдың соңына дейін аяқтауыцмыз қажет. Одан кейін, оны күтіп-баптау, суару, тыңайтқыштар себу секілді жұмыстар жүргізіледі.+Бұл жобаға жүзге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Ал қала әкімдігінің қолдауымен 20 мың жас көшет сатып алынған. Олар шаhар маңындағы ауылдық округтерге таратылмақ.
Аңсаған САҒЫНБАЕВА, Атырау қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы
— Бөлім тарапынан орталық көшелерге 30 мың шаршы метр жасыл-көгал төсеу үшін, ашық конкурс жарияланып, күні бүгінде мердігер мекеме анықталды. Олар, қазіргі уақытта жер өңдеу жұмыстарын бастап кетті. Ал, негізгі жұмыстар мамыр айында басталады. Атап айтсақ, жасыл-көгал мына мекен-жайларға төселеді: облыс және қала әкімдігінің аумағы, Азаттық даңғылының Абай көшесінен Әуезовке дейін және Владимирский мен Құрманғазы көшелерінің аралығы
Соңғы жылдары «Атыраудың сортаң жеріне шөп шықпайды» деген жансақ пікірді бағбандар жоққа шығарып келеді. Жұмыс қызып, қара жердің тілін тапқан мамандардың жұмысы қаланың көркін қыздырып тұр.