Жақында жұмысшылар уланған Теңіз кен орнындағы «Болашақ» вахталық елдімекеніндегі асхана заңсыз жұмыс жасаған. Бұл туралы осы оқиғадан кейін іле-шала жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде белгілі болды. «Сальмонеллез» диагнозы қойылған жұмысшылардың барлығы қазір ауруханадан шығып, жұмыстарына кірісіпті. Ал, осы уақытқа дейін жұмысшыларды тамақтандырып келген асхана иелеріне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.
Ерболат Уайсов, Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
— Бұл іс Жылой аудандық ішкі істер басқармасына қылмыстық іс- әрекет бар- жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Енді ол асхана тек қана бізден санитарлық- эпидемологиялық қорытынды алғаннан кейін қана ашыла алады.
Еске сала кетейік, қызметкерлердің астан улану оқиғасы 17-ші қазан күні болды. «Монтажспецстрой» мекемесінің 28 қызметкері түскі асқа жұмыртқадан жасалған тағам жеген соң өздерін жайсыз сезіне бастаған. Кейін олардың барлығы аудандық орталық ауруханаға жеткізілген еді.