Атырау, Caspian News. Авангард-3 ықшам ауданындағы жылу құбырының үстінен табылған тастанды сәбиді асырап алғысы келетіндердің қатары көп.
Оны осы уақытқа дейін анасы іздеп келмесе де, бауырына баспақ ниетпен еліміздің өзге де өңірлерінен хабарласып жатқан көрінеді. Бұл туралы мамандандырылған сәбилер үйінің бас дәрігері айтты.
Ұлдана екі аптадан бері осындағы қызметкерлердің қарауында. Дәрігерлердің сөзінше, денсаулығы жақсы, 200 грамм салмақ қосқан. Ақ халаттылар аз күннен соң қазақы ырыммен қырқынан шығару рәсімін жасамақ. Қазір Ұлдананың құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді. Содан кейін отбасына асырауға берілетін электронды базаға тіркеледі.
Естеріңізге салайық, шақалақты 16 қаңтар күні қала тұрғыны даладағы жылу құбырының үстінен тауып алған еді. Оған емдеуші дәрігерлер Ұлдана Ғалымова деп есім берді. Ал, кішкентайдың анасы арада үш күн өткенде табылды.
Ол Орал қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Келіншекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің «сәбиді қауіпті жағдайда дәрменсіз күйінде көмексіз қалдыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.