Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елорда атауының өзгеру төңірегіндегі пікірталасқа қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иә, атауды өзгертуге қатысты айтарлықтай пікірталас болғандығын мойындау қажет және біз белгілі бір теріс пікірлерді де көріп отырмыз. Бұл процестердің барлығына белгілі бір уақыт қажет. Уақыт өтсін, содан кейін мұның барлығының толық бейнесін көретін боламыз», — деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.
Оның атап өтуінше, кезінде Ақмола атауын Астана деп өзгертуге қатысты да сын-пікірлер болған.
«Егер естеріңізде болса, Ақмола Астана деп өзгерген кезде «енді біздің астанамыз — Астана» деген сияқты әңгіме болды. Уақыт өте келе барлығымыз да «Астана» брендін жақсы көріп кеттік. Уақыт беріңіздер, одан кейін көреміз», — деді Дәурен Абаев.