Махамбет көшесіндегі 121-ші үйде болған өрттен қатты зардап шеккен екі пәтердің тұрғындарына «Жұлдыз» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен уақытша баспана берілді. Бұл туралы оқыс оқиға болғаннан кейін арада екі тәулікке жуық уақыт өткенде баспасөз брифингін өткізген қалалық әкімдік қызметкерлері айтты. Сондай-ақ, шенеуніктер тұрғындар өздеріне қызыл жалынның зиян келтіргендігін дәлелдемесе, көмек бере алмаймыз деп отыр.
Сондай-ақ, олар жергілікті кәсіпкерлермен де сөйлесіп, тұрғындарға көмек көрсету жағын қарастырып жатқан көрінеді. Яғни, өртеніп кеткен пәтерлер демеушілердің көмегімен қайта қалпына келтірілуі мүмкін. Ал өрттің себебі әлі анықталмапты.
Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиевтің сөзінше, өрттен барлығы 45 пәтер бүлініпті. Қазіргі таңда күлге айналған екі пәтерден басқаларына жарық пен су берілген. Ал, тазалау жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.