Атыраулықтар коронавирустан емес, азық-түліксіз қалудан қорқатын секілді. Өйткені, кешелі бері қаладағы сауда нүктелері мен супермаркеттердің сөрелерін сыпырып, жаппай азық-түлік сатып алып жатыр.
Мәселенің мән-жайын анықтамаққа қаладағы бірнеше сауда нүктесіне біз де бас сұқтық. Мәселен, Сарайшық коммуналдық базарында әдетте сенбі-жексенбі күндері халықтың қарасы көп болатын, бұл жолы олай емес. Тұрғындар да «үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» деген пікірде.
Халық қалаулылары да қарап қалмай, базар аралауға шығыпты. Азық-түлікті молынан алып, қам жасайын деп емес, бағаға мониторинг жүргізбек мақсатта.
Супермаркеттерде халық көп тұтынатын ұн, сүт, макарон өнімдері мен күнбағыс майын халық талап алып жатыр. Сөрелерде де олардың орны бос тұр. Саудагерлер босаған орындарды толтырып үлгермей жатқандарын айтады.
Ал қаладағы супермаркеттердің бірі алыпсатарлардың іс-әрекетінен қорғану мақсатында сатылатын азық-түлік мөлшеріне шектеу қоя бастады. Яғни, бір адамға макарон өнімдері, қант пен жарма 5 келіден, ал ұн 3 данадан сатылады.
Динара Жоламанқызы, Фархад Тәжібаев «КН»