Тамара Төреғалиева — Атырау қаласының тұрғыны. Ол жуықта әлеуметтік желіде тараған кейбір тұрғын үйлерге заңсыз тіркелген шетелдіктер туралы ақпараттың рас екендігін айтады.
Өйткені, жұрттың аузында жүрген жайт басқаның емес, өз басынан өткен. Оған сенсек, Қызылбалық ауылындағы үйін сатпақ әрі коммуналдық шығыны көбейіп кеткендіктен, артық адамдарды тіркеуден шығармақ болып, халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Сол жерде шынымен де үйдегі отбасы мүшелерінен бөлек, тізімде қытайлардың тұрғанын біліп, аң-таң болыпты.
Зейнеткердің айтуынша, өзінің қателігі сонда — компьютердегі мәліметті дер кезінде ұялы телефонға суретке түсіріп алмағанында көрінеді. Ал, аудиожазбаны өзінің қасында тұрғандардың бірі таратып жіберген. Бірақ, бұл дерек бойынша құзырлы орындарға шағым түсірмепті. Еске салайық, осы ақпаратқа байланысты Атырау облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Адилов мәлімдеме жасап, мұны жалған деген болатын.
Руслан АДИЛОВ, Атырау облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының м.а.
—Біз мұны алдық, тексеріс жүргіздік, бұл шындыққа жатпайды. Жалпы жұмысқа келген қытайлықтар өздерінің жатақханаларында тіркелген. Тексерулер бойынша шындыққа жанаспайды. Және де мұндай сұрақтармен ешкім бізге шағымданған жоқ.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар шетелдіктерді тіркеу өздерінің құзырына кірмейтіндіктерін айтып отыр. Сондықтан, біздің тілшілеріміз ендігі жауапты Көші-қон қызметі басқармасының басшылығынан күтетіндігін ескертеді.