«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бұрынғы директоры Ғалымжан Жусанбаев өзінің жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, прокуратураға арыз жазды.
Оның сөзіне сүйенсек, ақпанның 18-і күні амбулаторлы түрде ем алыпты. Ал, өзінің жұмыстан шыққаны туралы әлеуметтік желіден білген. Естеріңізге сала кетейік, Ғалымжан Жусанбаев пен оның орынбасары Әділет Шошанбасовты жұмыстан босату туралы шешімді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ комиссия мүшелері қабылдаған еді. Ал, директордың орнына уақытша Олег Лызлов тағайындалды.
Ғалымжан Жусанбаев өз арызында мұндай іс-әрекетті заңсыз деп танып, прокуратура өкілдерінен өз құқығын қорғауды талап етіп отыр. «Мені комиссия отырысына ешкім шақырған да жоқ. Шешім менің еңбекке уақытша жарамсыз болған кезімде қабылданғандықтан комиссия мен басшылардың іс-әрекеттерін заңсыз деп санаймын»,-делінген арызда.