Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өткен жылдың маусым айында Атырау қаласы аумағында синтетикалық есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сатқан 43 жастағы облыс тұрғынын анықтаған еді. Ол саудасын интернет желісі және жасырын тығу әдісі арқылы жүргізген. Тексеру кезінде күдіктіден құны 3,5 млн теңгеге жуық болатын 200 доза «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу нәтиженсінде 43 жастағы күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі толық дәлелденді. Тергеу кезінде күдіктінің Telegram әлеуметтік желісі арқылы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу, сатып алу және сақтаумен айналысатын жұмыс іздеп тапқаны анықталды. Сондай-ақ, күдіктінің синтетикалық есірткіні пайдаланғаны толық дәлелденді. Қазір 43 жастағы азаматқа қатысты Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.