Бүгін – халықаралық жаттықтырушылар күні. Түрлі деңгейдегі додаларда ел атын шығарып жүрген спортшылардың артында қашан да жаттықтырушының тұратындығы сөзсіз. Яғни, әр спортшының жетістігі — бапкер жұмысының жемісі. Нәтижелі жұмыс жасап жүрген сондай жандардың бірі – Аслан Жауынбаев: 13 жылдан бері жаттықтырушылықпен айналысып келеді, осы уақыт ішінде республикалық, халықаралық дәрежеде жақсы нәтижеге жеткен отыздан астам шәкірт тәрбиелеген.

Аслан ЖАУЫНБАЕВ, аға жаттықтырушы:

—  Оқушыларыма келетін болсам, Қазақстан чемпиондары бар, әлем чемпиондары бар, Азияның күміс жүлдегерлері бар. Айта кететін болсақ, осы жақында Хорватия елінде жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Жалғасов Бекзат деген оқушымыз 3-ші орын алды, Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азиадада 2-ші орын алды, жастар арасында Талған Сырбаз деген Индияда Азиададан 2-ші орын алып, жастар арасындағы чемпионаттан 3-ші орын алды.
КСМ: Жаттығу кезінде тым қатал болғанымен, әрбір шәкірті үшін жаны ауыратын бапкерлерін үлгі тұтатын шәкірттері көп. Талғат Сырбаз — 2018 жылы жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында еркін күрестен қола медаль иеленді. Ауыз толтырып айтарлықтай өзге де жетістіктері баршылық. «Оның барлығы – бапкердің арқасы», — дейді өзі.

 Талғат СЫРБАЗ, спортшы:

 — Жаттықтырушымыз басқа елдердегі оқу-жаттығу жиындарына, Алматы қаласына, Дағыстан республикасына оқу-жаттығу жиынына жіберіп тұрады. Сол еңбектің арқасында осындай жетістікке жеттік. Жаттығу уақытында қарап, бізге қате жасаған жерлерімізді түзетіп отырады, соның арқасында деп ойлаймын осындай жетістіктерге жетіп отырғанымыз.

Айта кетейік, қазіргі кезде Атырау облысы бойынша спорттың 22 түрімен 11 мыңнан астам бала айналысады. Оларға 324 бапкер тәлім-тәрбие беруде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларының айтуынша, жаттықтырушыларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Болашақ чемпиондарды дайындайтын бапкерлерге жалақыдан бөлек, шәкіртінің жетістігіне байланысты сыйақы беру де 2017-ші жылдан бастап жолға қойылған.