Атырау қаласында жыл басынан бері пәтерді тәулігіне жалға беретін небары 5 жеке кәсіпкер ресми орындарда тіркелген. Бұл – қалалық әкімдік өткізген жалға беру бизнесімен айналысатын, бірақ еш жерде тіркелмеген салық төлеушілерді анықтауды мақсат еткен рейд кезінде белгілі болды. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, салық бөлімінің, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері мен тәртіп сақшылары қатысты. Сондай-ақ, рейдке ат салысқан пәтер иелері кооперативтері өкілдерінің айтуынша, өздеріне қарасты тұрғын үйлердегі пәтерлердің басым бөлігі жалға беріледі. Бірақ, қожайындары бұл туралы ПИК-терге тіс жармайтын көрінеді. Сондықтан, олардың қаншасының тиісті органдарда тіркеліп, салық төлеп отырғандығы белгісіз.