Парламент мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте Қазақстан Республикасының «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бюджет туралы заңға өзгеріс енгізуді сенат депутаттары ұсынған болатын.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов бұл заңға сәйкес қазақстандықтардың жалақысын артатынын атап өтті.

«Сенат енгізген өзгертулер мемлекет басшысының мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын өсіруді 1 шілдеден 1 маусымға жылжыту тапсырмасын орындауға бағытталған. Республикалық шығын көлемін 38 миллиард теңгеге арттыру ұсынылып отыр», — деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Серік Құсайынов мәжілістің қаржы және бюджет комитеті сенат ұсынған өзгерістерді енгізуге келісетінін айтты. Депутаттар заңға енгізілетін өзгертулерді мақұлдап, дауыс берді.

Дереккөз: sputniknews.kz