Әуе рейстерінің жұмысы қалыпты режимге түсті. 25 мамырдан бастап Атыраудан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ұшу мүмкіндігі іске қосылған болатын. Әдеттегідей, әр бортқа 100-ден астам жолаушы отырғызылады. Оларға қойылатын бір-ақ талап бар — санитарлық ереженің қатаң сақталуы. Сондай-ақ, жолаушыларға әуе кемесінде орын ауыстыруға, жалпы артық қозғалысқа шектеу қойылған.
Феруддин АРИФ, Атырау халықаралық әуежайның өкілі
-Қазір жолаушылар ПЦР тестілеуден өтпейтіндіктен, міндетті түрде дене қызуды өлшейміз. Сонымен қатар әуежайға келгенде және ұшу барысында маска тағу міндеттеледі. Ал жұмысшыларымыз күн сайын тексерістен өтіп тұрады.
Қазір Атырау халықаралық әуежайынан «AirAstanа» және «Scat» әуекомпаниялары жолаушыларды тасымалдауда. Күніне бір-ақ рет қатынайтын рейс жолаушыларының сөзіне сенсек, билет бағасында өсім жоқ.
Айгүл БИСЕНҒАЛИЕВА, Атырау қаласының тұрғыны
-Мен Нұр-Сұлтан қаласынан ұшқан кезде билетті Эйр Астанадан 120 мың теңгеге алдым. Қараңыздаршы! Карантинде алмай қайда барады деп ойлайды-ау! Ал қазір 35 мыңға алдым, міне, қалыпты баға.
Айта кету керек, жақын күндері Атырау-Ақтау бағытындағы әуе рейсі іске қосылмақ. Сонымен қатар Qazaq air әуекомпаниясы да жуық арада жұмысқа кіріседі.