Қаладан шыға берісте 50 шақты жолаушыны тиеген автобус ұсталды. Олардың барлығы оңтүстіктің тұрғындары. Атырау-Шымкент бағытында қатынайтын көлік туралы бір-бірінен естіп, қай жерде жиналатындарын телефон арқылы келіскен сыңайлы. Бірақ жүргізуші оларды жолшыбай алдым деп тұрып алды.
Шымкентке жету тегін емес, 30 мың теңге тұрады. Құжаттарды тексеру барысында автобус екі қызылордалықтың атында екені белгілі болды. Полицейлер мән-жайды анықтап жатқанда, бейтаныс біреу келіп, мәселені шешуге тырысып бақты. Айтуынша штабтан арнайы рұқсат қағазын алғанымен, ұмытып кеткен.
Ал жедел штабтағылар ондай құжаттың мүлдем жоқтығын айтады. Кейін тәртіп сақшылары жолаушылардан түсінік алып, Атыраудағы тұрғын жайларына қайтарды.
Жүргізушілердің үстінен үш баппен, нақтырақ айтсақ, төтенше жағдай режимін бұзғандығы үшін, жолаушыларды тасымалдау қағидасы, еңбек және демалыс режимін бұзу баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.