Балаларды ұрып-соқса да, жазаланбады.
Қаладағы № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» қылмыстық жауапкершіліктен құтылған қызметкерлеріне қатысты полицейлер түсінік берді. Айтуларынша, орталықтағы балаларды ұрып-соғу дерегі 2019 жылдың 18 қаңтары мен 18 ақпаны аралығында болған. Ал, қозғалған қылмыстық іс күдіктілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қысқартылыпты. Және балалардың денелеріндегі жарақаттар да кетіп үлгерген.
Естеріңізге салсақ, жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар балаларды тәрбиешілердің ұрып-соғатындығын былтыр тексеріс кезінде облыс прокурорлары анықтаған еді.
Тәрбиешілер мен санитарлық қызметкерлер ғимарат ішіндегі бейнебақылау камераларынан да сескенбепті. Олар ерекше балаларға қатыгездік көрсетіп, тіпті мекеме ішіндегі жұмыстарды да мәжбүрлеп жасатыпты. Мұның бәрі белгілі болғаннан кейін орталықтың 5 қызметкері: 2 тәрбиеші мен 3 палата санитары күдікке ілініп, жауапқа тартылған еді. Бейресми ақпаратқа қарағанда, бұл бесеу қазір интернатта жұмыс жасамайды: кейбірі жұмыстан шығарылса, енді бірі өз еріктерімен кеткен.
Малика Такежанова, Арзу КАРАШ, Айбек ЖАНАЙ Caspiannews