Атырау, Caspian News. Жемқорлыққа жол беруді кет әрі көрмейтін мемлекеттік мекемелер анықталды.
Солардың бірі — Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен соған қарасты бөлім, құрылымдар. Мұны ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мамандары сыртқы талдау жұмыстарын жүргізген кезде анықтапты. Оларға сенсек, аталмыш мемлекеттік мекемелерде бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Көпшілігі — атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттік жәрдемақыға қатысты.
Жәнібек ҚАРАЖАНОВ, ҚР СЖҚІҚА Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы
—Талдаулар нәтижесінде бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Комиссия жұмысы Үкіметтің 2013 жылғы 21 мамырдағы бекітілген қаулысымен және «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің» 2013 жылғы 22 шілдедегі бекіткен «Арнайы комиссия туралы өңірлік ережесімен» реттеледі. Алайда аталмыш нормативтік актілерде берілетін жәрдемақы сомасының шекті мөлшері, комиссияның шағымдану сатысы секілді нормалар аталған нормативтік актілерде көзделмеген. Бұл тиісінше бюджет қаржысының ысырап болуына, өз мақсатына жетпеуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатуына, сол секілді азаматтардың комиссияның теріс қорытындысына одан әрі шағымдану құқықтарын шектелуіне әкеп соқтырады.
Бұдан басқа, әлеуметтік көмектер мен арнайы жәрдемақылардың бөлінуі және үлестірілуі кезінде бірқатар ескерту жасалып, оларды жою бойынша ұсыныстар берілген. Мысалы, азаматтардың әлеуметтік жағдайларына байланысты әртүрлі санатқа бөлінетіндігі белгілі. Бұл жерде де бірқатар мәселе туындап отыр.
Жәнібек ҚАРАЖАНОВ, ҚР СЖҚІҚА Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы
— тізімде көрсетілген санаттарға көмек қаражатын беру ешбір нормативтік актілерде белгіленбеген. Бұл өз кезегінде қаражат бөлу барысында әлеуметтік теңсіздіктерге, қаражаттың әділетсіз бөлінуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатуға мүмкіндік береді.
Департамент мамандары сыбайлас жемқорлық және соған байланысты туындап отырған өзге де тәуекелдерді болдырмау бағытында жасалатын жұмыстар жалғасатынын айтты.
Даурен Мақым