Атырау, Caspian News.
Жылыой ауданындағы Желтау жотасы мен Шөлқара қыраты маңынан табиғи саябақ ашу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Аталған аймақ көп жылдан бері бай табиғатымен мамандардың назарын аударып келіпті. Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы осы өңірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл жерлерде Ортатау қорымы, мешіт секілді қасиетті орындар бар екендігін анықтапты. Қазір осы табиғи саябақты құру жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. Шетелдік және қазақстандық табиғат зерттеушілер осы Желтау жотасы мен Шөлқара қыратына екі рет экспедиция жасап, нәтижесінде Атырау облысы үшін ғана емес, Қазақстан үшін құнды саналатын деректерді анықтаған. Жуықта облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы белгіленген аймаққа барып, аталған жерлерді автокөлікпен, тікұшақпен қарап көріп, табиғи саябақты салу идеясын мақұлдады. Осылайша аймақ басшысы жауапты орындарға болашақ саябақтың шекарасын нақты анықтап, жер иелеріне қатысты мәселені шешуді тапсырды.