Қазақстан Парламенті Астананың атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Сенаттағы 43 депутаттың 43-і келісті. Мәжілістегі 103 депутаттың — 103-і келісті. Осылайша, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды», — деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палата отырысында.
Бұған дейін Астана атауының референдумсыз өзгеруі мүмкін екені хабарланған еді.
Оның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп атауды ұсынды.
«Ұлы замандасымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін мәңгі етуіміз керек: біздің елордаға Президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан аталуы керек. Мұндай ұсынысты осыған дейін парламенттегілер де айтқанын еске салғым келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.