Асқар Мамин премьер-министрдің, премьер-министрдің орынбасарларының және Қазақстан Республикасы премьер-министр Кеңсесі басшысының арасында міндеттерді бөлу туралы өкімге қол қойды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкімет сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің жетекшілігіне — экономикалық, қаржылық, қазыналық және кеден саясаты, мемлекеттік бюджетке қатысты стратегиялық мәселелер, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық, шетелдік инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік активтерді басқару мәселелері кіреді. Сонымен қатар міндеттері қатарына қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ғарыш қызметі, туризм, байланыс, салаларды цифрландыру және цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік органдардың әкімшілік реформаларын іске асыру және басқалары кіреді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың қызмет саласына қаржы секторының, макроэкономикалық саясат, бюджет, салық және кеден саясаты, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, сауда саясаты, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кіреді. Әлихан Смайыловтың құзыретіне сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері, оның ішінде концессиялар, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау, тариф саясаты және басқалары кіреді.
Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға білім мен ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және жаңғырту, жұмыспен қамту, мемлекет пен азаматтық қоғамның әрекеттестігі, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, рухани жаңғыру, конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз ету, мәдениет және спортты дамыту және басқалары жүктелді.
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек экономиканы және өңірлік саясатты жедел басқару, көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, энергия үнемдеуді дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің энергия тиімділігін арттыру, көмір өнеркәсібі, атом өнеркәсібі және ядролық энергетика мәселелерін үйлестіреді. Оның міндеттерінің қатарына сонымен қатар өнеркәсіпті дамыту, инновациялар, техникалық реттеу, электр энергетикасы, геология және жер қойнауын пайдалану, мұнай химиясы және экспорттық бақылау, алтын өндіру саласы, тауарларды сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыру бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру, төтенше жағдайлар және жұмысты жұмылдыру, жылыту маусымына әзірлік және оны өткізу және басқалары кіреді.
Премьер-министр Кеңсесінің басшысы Дархан Кәлетаев премьер-министрдің және Үкіметтің қызметін ақпараттық-сараптамалық, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттық, материалдық-техникалық және басқа да қамтамасыз етуге жауапты. Оның функцияларына сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ведомстволардың жұмысын Үкіметтің шешімдерін әзірлеу және олардың орындалуын ұйымдастыру бойынша үйлестіру, мемлекеттік және атқарушылық тәртіпті орындау мәселелері бойынша, мемлекеттік құпияларды сақтау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқалары кіреді.