Ракуш селосының тұрғыны Ринат Өтепов бұл күнді ешқашан ұмытпайды. Өйткені, арнайы қызмет көрсететін орталыққа тастап кеткен көлігінен көз жазып қаламын деп ойламапты.
Темір тұлпарын тазалатпақ болған ол әуелі 3 сағатқа тастап, кейін алып кетуге келгенімен, көлігі әлі дайын болмапты. Сондықтан Ринат оны келесі күнге дейін жуып-тазалап қою керектігін айтып кетіп қалады.
Ринат Өтеповтің ақ түсті «Тойота Камри» көлігін жедел басқару орталығының қызметкерлері ақылды камералардың көмегімен Баймұханов-Амандосов көшелерінің қиылысынан тауыпты. Ал, көлікті айдап кеткен 17 жастағы жігіт қаладағы Шүкір Еркінов көшесі бойындағы азық-түлік дүкендерінің бірінің маңынан ұсталды.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 56 автокөлік ұрлау дерегі тіркеліп, олардың барлығы да көпке ұзамай ашылған. Ал, жыл басынан бері 3 атыраулықтың ұрланған темір тұлпарлары өздеріне қайтарылыпты.