1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бүкілхалықтық сайлауынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Президенті қызметіне ресми кірісуіне байланысты ант беруіне арналған салтанатты отырыс өтті. Сол күні Қазақ КСР — Қазақстан Республикасы болып аталып, Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы қаулы қабылдады.
«Қадірлі халайық! Құрметті халық депутаттары! Қадірлі меймандар! Біз бастан өткеріп отырған осындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары мен қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Қазір біздің көз алдымызда әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болып, қоғамдық саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың формалары ауысуда десек, асырып айтпаған болар едік. Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді. Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын — өркениетті демократиялық қоғамды таңдады», — дейді Елбасы сөзінде.
Президенттің айтуынша, сол кезде мемлекет алдында өмірдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық жағдайын түбегейлі түрде ауыстыру міндеті тұрды.
Егеменді демократиялық Қазақстан Мемлекеті
«Біз үшін бұл идея — еркін егеменді демократиялық Қазақстан Мемлекеті. Республика азаматтары қазақтың мың жылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлай отырып, сол үшін желтоқсанның 1-інде дауыс берген болатын. Егемендік туралы айтқанда мен Қазақстан тұйықталған система болуға дайындалып жатыр дегенді айтып тұрғаным жоқ. Мұның өзі саяси және экономикалық дербестікті жүзеге асыру мүмкіндіктеріне зиянды әсер ететіні айқын болар еді», — дейді Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы XVIII ғасырда мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізген Абылай ханның рөлін айтып өтті.
«Қазақстанның мұндай жағдайының бірегейлігі мен қайталанбастығын XVIII ғасырдың ортасында бөлшектелген Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, іргелес жатқан мемлекеттермен тату көршілік қатынастарды жолға қоя білген кемеңгер Абылай түсінген болатын. Мұны оның ісін жалғастырған кейінгі ұрпақтар да түсінді», — дейді Назарбаев.
Президент тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші кезекте қандай шаралар қолдану қажеттігіне тоқталады. Оның айтуынша, ең алдымен атқару органдарын басқарудың үйлесімді жүйесін жасау қажет болды.
Президенттік құрылымдар құру
«Саясатта — билікті айқын бөлумен байланысты қадам, көлбеу президенттік құрылымдар құру, ал ол атқару органдарын басқарудың үйлесімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Бұл — депутаттық корпус пен жергілікті кеңестердің далиып кеткен аппаратын біршама қысқарту қажеттігіне байланысты республика Жоғарғы кеңесін кәсіптік парламент етіп объективті түрде қалыптастыру».
Жікшілдікті уағыздаушы партиялар
Мемлекет басшысының айтуынша, республиканың территориялық тұтастығына қарсы бағытталған экстремизм мен ұлттық дүрдараздықты, жікшілдікті уағыздаушы партиялар мен қозғалыстардың қызметіне тыйым салу қажет.
Бюрократтық бөгетті жою
Алғашқы сөзінің тағы бір тармағында Елбасы бюрократтық бөгетті жоюдың маңызына тоқталады.
«Бұл — право тәртібін нығайту мен заңдылықты сақтау жөніндегі батыл іс-әрекеттер. Бұл — барлық қазақстандықтар құқығының теңдігі негізінде ұлтаралық келісімді сақтау, мемлекеттік саясаттың іргелі принципі ретінде саяси тұрақтылықтың басымдығы. Ұжымдық және жеке кәсіпкерлік жолындағы кез келген бюрократтық бөгетті жою маңызды, ал олар экономикалық гүлденудің басты қозғаушыларының бірі болуы керек», — дейді Елбасы.
Сондай-ақ, Президент сөзінде Егеменді Қазақстанды іс жүзінде халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне, дүниежүзілік экономикалық кеңістіктің белсенді әрекет етуші ұйымына айналуы тиіс екенін айтады.
Валюта қорын барынша ұлғайту
Президент Тәуелсіз Қазақстанның алдағы мақсаттары деп мына мәселелерді атайды: Ашық тұрпаттағы нарықты қалыптастыру қажет, шетелдік инвестицияларды халық шаруашылығында түбегейлі құрылымдық өзгерістердің маңызды факторына айналдыру, алтын запасын және валюта қорын барынша ұлғайту қажет.
«Осыған байланысты мемлекет меншігінен алу және мемлекеттік меншікті жекешелендіру, концессияларды құру процестеріне шетелдік капиталды қалыптастыруға жіберу ниетіміз бар екенін де айтқым келеді», — дейді Мемлекет басшысы.
Халыққа қолдау білдіру
Мұнымен қатар, Президент халыққа көмек көрсетудің айқын бағыттарын жүргізетінін айтып өтеді.
«Қаржы және материалдық мүмкіндіктердің шектеулі екеніне қарамастан, біз әлеуметтік жағынан қорғалмаған және халықтың өте шетін бөлігі: зейнеткерлерге, мүгедектерге және жетімдерге, көпбалалы отбасыларға, оқушыларға қолдау көрсетудің айқын бағытын жүргізетін боламыз», — деді Назарбаев.
«Біздің төңірегіміздегі өмірдің өзі онша жайлы емес»
Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының қандай қиындықтардан өтуі керектігіне тоқталады.
«Мен экономиканы дамыта отырып, Қазақстанның табиғи байлықтарына ықтиятты қарау, қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүддесі үшін экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыру принципті маңызды деп санаймын. Біздің әрқайсымыз өтпелі кезеңнің қиындықтары — бағаның өсуі, тапшылық, тұрмыс деңгейінің төмендеуі сияқты қиындықтарды өз басымыздан өткеріп отырмыз. Біздің төңірегіміздегі өмірдің өзі онша жайлы емес. Сайлау қарсаңындағы кездесулерде айтқанымдай, бұл жағдайдың өзі шапшаң түзеліп кетеді деп айта алмаймын, уәде де бере алмаймын. Егер мен осыны айтпасам, онда сіздердің алдарыңызда ағынан жарылмаған болар едім. Біз тістеніп алып ертеңгі күнге деген сеніммен осының бәрінен де өтуіміз керек. Түркияда да, Оңтүстік Кореяда да осылай болды, Сингапурда да осылай болған», — деген Президент.
Сөз соңында Назарбаев үлесімізге тарихи мүмкіндіктің тиіп отырғанын түйсіну қажет екенін және қолдан шығарып алмауға тиіс екенімізді айтқан.
Сондай-ақ, Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Мемлекет басшысының егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап, оны қалыптастыру кезіңдегі сын-қатерлер туралы сөзіне тоқталуды жөн көрдік.
Онда Елбасы Тәуелсіздік жарияланған алғашқы күндерді, күрмеуі қиын мәселелермен қалай күрескенін еске алады.
«Осы жылдарда маған көп нәрсені өз көзіммен көруге тура келді. Қауырт жұмысқа толы сол күндердің барша ауыртпалығы мен толқыныстарын, ұйқысыз түндерді санамалау да мүмкін емес. Мен тұтас мемлекеттердің тағдырына әсер ететін немесе күні бүгінге дейін ықпал-күшін бұрынғыша әлсіретпей ұстап келе жатқан саңлақ саясаткерлермен де, қазіргі әлемнің болмысына тікелей ықпалы бар шешімдер қабылдаған адамдармен де көп кездестім.
«1991 жылғы сайлаудан кейінгі бірінші жұмыс аптасында, өзім 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» заңның мәтінімен жұмыс істедім. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет — Қазақстан Республикасы пайда болды.
Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады», — дейді Назарбаев.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап атқарушы билік жүйесін жетілдіру менің басты назарымда болды. Жас та тәуелсіз мемлекеттің нақты мүмкіндіктері, бірінші кезекте, өнеркәсіп дағдарысымен күресетін қаржысы болмады. Ол жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соқты», — деп сипаттайды Назарбаев сол кезеңді.
© Тұрар Қазанғапов Қорытындылай келе, Елбасының Тәуелсіздік ұғымын түсіндірген сөзін келтірмекпіз:
«(…) Осы жерде аздап шегініс жасамақпын. Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен Табысты күні есебінде мерекелей алады».
Дереккөз: tengrinews.kz