Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыЖаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ 100-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ ҰЛТТЫҚ КИІМ ДҮКЕНІНЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫП, АЛДАНЫП ҚАЛДЫ

Caspian News, 3 қыркүйек. Ақтөбеде ұлттық киім мен әшекей бұйымдар сататын «Бөрте» дүкеніне ірі көлемде қаржы құйған жүзге жуық тұрғын алданып қалғанын айтып, шу шығарды. Дүкен иесі салынған қаржыны белгілі бір пайызбен қайтаруға әрі бонус ретінде дүкеннен кез келген тауарды алуға уәде берген.

Үлде мен бүлдеге бөккен жарнамаға сенген азаматтардың бірі 5 миллион теңге, ал енді бірі одан да көп қаражат салған.

📉 Тұрғындардың жанайқайы мен қорғаушының уәжі

Жәбірленушілердің сөзінше, ақшаны қайтару мерзімі жеткенде дүкен иесі әртүрлі сылтау айтып, байланысқа шығуды тоқтатқан, ал дүкеннің өзі жабылып қалған.

Гүлзат БӨГЕБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Мен 5 миллион теңге көлемінде қаржы салдым. Алты айдан кейін қайтарамыз деген еді. Бірақ сәуір айынан бастап «ауруханада жатырмын» деп қашқақтай бастады. Дүкенге барсақ, жауып тастаған».

Қаржылық алаяқтыққа тап болғандар тек дүкен басшысы емес, оған көмектескен өзге де тұлғалардың заң алдында жауап бергенін талап етуде.

Данияр СҮНДЕТБАЕВ, қорғаушы:

«Қазіргі таңда «Бөртенің» басшысы ғана күдікті ретінде танылған. Алайда бұл іске оның күйеуі, туған-туыстары және кассирлері де қатысқан. Олар күдікті деп танылғанымен, ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмай отыр. Біз бұған наразымыз, бұл жерде қылмыстық жауапкершіліктен жалтарту фактілері бар».

⚖️ Прокуратураның ресми жауабы

Ақтөбе қалалық прокуратурасы өкілдері аталған факті бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқанын және қажетті процестік шаралардың жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қайырбек ЖОЛАЙ, Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

«Іс бойынша 68 азамат жәбірленуші ретінде танылды. Дүкен иесіне қатысты сотпен үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұдан бөлек, қылмыстық іс бойынша 4 тұлға күдікті ретінде танылып отыр. Тергеу қорытындысымен заңды процестік шешім қабылданады».

Ақшасын кері қайтара алмай ашынған тұрғындар, егер іс әділ қаралмаса, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне арнайы шағым түсіретіндерін жеткізді.

Оқи отырыңыз...

ЖЫЛЫОЙДА ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕН 2603 ҮЙДІҢ ИЕСІ ӨТЕМАҚЫ АЛДЫ

АТЫРАУДА «ТАПТЫМ-АУ СЕНІ» СПЕКТАКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

В Атырау полиция усилила контроль на реке, автодорогах, вокзалах и рынках