Үкіметтің бүгінгі отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, бүгінгі таңда балық, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, рапс, сиыр еті, жонышқа, ұн, өсімдік майы, арпа мен жүгері үшін Қытай нарығы ашық.
«Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 процентке ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, жұмыртқа жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды», — деді А.Евниев Министрлер кабинетінің отырысында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, отандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттық құқығы бар шетелдердің тізіміне кіреді. Мәселен, 153 кәсіпорында түрлі агроөнеркәсіп өнімдерін Қытайға экспорттауға рұқсат бар. Ал 17 кәсіпорын балық өнімдерін Еуропа елдеріне тасып жүр.
Дереккөз: inform.kz