Caspian News, 30 шілде. Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі ресми түрде басталды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып жатқан дүбірлі додада 34 елден келген 800-ден астам спортшы фиджитал форматындағы жарыстарда бақ сынайды.
Елордадағы салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи іс-шара классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін беретінін атап өтіп, арнайы құттықтау жолдағаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге де ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Phygital International ұйымының бас атқарушы директоры Дэниел Меркли Қазақстанның бұл турнирді өткізуін инновациялық спортты дамытудағы маңызды қадам деп бағалады.
Турнирде Қазақстан намысын 11 команда мен жекелеген спортшылар қорғайды. Олардың қатарында 7 жылдан бері киберспортпен айналысатын DIGA Esports командасының ойыншысы Нұржан Қоянақов та бар.
Айтулы жарыс 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елорданың бірнеше спорт нысанында өтеді. Қатысушылар фиджитал футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, дрон жарысы, Battle Bots және киберспорттық шутерлер мен MOBA сияқты жаңа форматтағы спорт түрлерінен күш сынасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,65 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазақстан бұл беделді жарысты қабылдап отырған әлемдегі үшінші мемлекет атанды.
