Caspian News, 29 шілде. Атырауда жыл басынан бері көкөніс пен жеміс-жидек сататын 50-ден астам дүңгіршек иесі абаттандыру қағидалары мен сауда заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Арнайы мониторинг тобының рейдтік тексерістері кезінде айналасын таза ұстамаған кәсіпкерлердің біріне ескерту берілсе, енді біріне 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды, ал заңсыз сауда жасағандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалатылды.
Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Наргиз Аманжолдың айтуынша, жұмысшы топ құрамына Кәсіпкерлік палатасы, Мемлекеттік кірістер басқармасы, Полиция басқармасы, қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері кіреді. Бірлескен рейдтер барысында полиция қызметкерлері 50-ден астам әкімшілік хаттама толтырған. Сонымен қатар мониторинг тобы киоскілердегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын да бақылауда ұстайды.
Сонымен бірге өңірде сауда сөрелерінде бағаның көрсетілмеуі мен фискалдық чектің берілмеуі жиілеп кеткен. Атырау облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлайхан Нұрсұлтанованың мәлімдеуінше, жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша 95 кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, хаттама толтырылған. Оның ішінде витринада бағаның болмауы бойынша (ӘҚтК 193-4-бабы) 76 кәсіпкерге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 4 есеге өскен.
Бүгінгі таңда Атырау шаһарында көкөніс пен жеміс-жидек сатуға арналған 126 дүңгіршек жұмыс істеп тұр. Ал қала әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мұндай сауда нүктелерін орналастыру үшін жалпы 230 арнайы орын бөлген.
