Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

КІТАПҚА ҚҰМАРЛЫҚ: АЙМАҚТА 14 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ҚАТЫСҚАН КІТАП САЙЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Caspian News, 3 маусым. Атырау өңірінде жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Менің өміріміздегі кітап» атты ауқымды сайыс мәресіне жетті. Бұған дейін мектепішілік, аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен ең үздік оқушылар енді облыстық деңгейде бас қосты. М. Асаубаева атындағы креативті орталықта ұйымдастырылған шешуші кезеңде 191 мектептен жиналған 400 оқушы өзара бақ сынап, оқыған шығармалары бойынша арнайы тест тапсырмаларын орындады.

Жалпы алғанда, бұл зияткерлік додаға аймақ бойынша 13 600-ден астам (басқа дерек бойынша 13 900) мектеп оқушысы қатысып, бақтарын сынаған. Оқушылар сегіз ай бойы қазақ және әлем әдебиетінің ең таңдаулы 13 шығармасын оқып, білімдерін сарапқа салды.

Қатысушылар лебізі: «Кітап адамның көкжиегін кеңейтеді»

Сайысқа қатысушы жас дарындар кітап оқудың маңызы мен байқаудан алған әсерлері туралы өз ойларын ортаға салды.

Фатима Ерсайынби, Жылыой ауданы, Абай атындағы №5 жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы: «Кітап байқауының облыстық деңгейі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осы байқауға қатысу арқылы мен өз сөздік қорымды байытып, есте сақтау қабілетімді барынша дамыттым. Сайыс барысында маған ерекше ұнаған шығармалардың бірі — Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі болды. Өйткені бұл туындыда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тәрбиесі мен тектілігі өте тамаша баяндалады. Осындай тағылымды сайысты ұйымдастырған барша азаматтарға алғысымды айтамын.»

Әмірхан Төрехан, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушысы: «Қазіргі таңда жасөспірімдердің көбі телефонға тәуелді болып қалғаны жасырын емес, сондықтан кітап оқу мәселесі жастар арасында өте өзекті. Қазір, өкінішке қарай, кітап кеміретіндер өте кем де кем, замандастарым гаджеттер мен ондағы түрлі ойындарға көбірек қызығады. Бірақ кітап оқу — адамның ішкі көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісін дамытуға таптырмас септігін тигізеді. Кітаптың көмегі адамға үлкен ортада өзін еркін ұстауға немесе қандай да бір маңызды жобаны сәтті қорғап шығуға да көп пайдасын тигізеді деп ойлаймын.»

Ұйымдастырушылар: «Бұл жай ғана цифр емес, нақты факт»

Балалардың кітапқа деген ықыласының артып келе жатқанын жоба жетекшілері де мақтанышпен атап өтті.

Мақаш Ілиясов, «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығы директорының орынбасары: «Қазіргі уақытта оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы өте жоғары. Осы байқаудың өзінде Атырау облысындағы 190-нан астам мектептен 13 900 оқушының қатысуы — бұл жай ғана құрғақ цифр емес, нақты факт. Оқушыларымыз тек біз ұсынған шығармалармен шектеліп қалмай, өздері де оқыған қызықты туындыларын әкеліп, «Осы шығарманы басқа да балалар оқыса екен» деген ізгі тілектерін білдіріп жатыр.»

Жүлде қоры мен марапаттау жүйесі:

Байқаудың жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгеден асады. Ұйымдастырушылар үздік шыққан оқушыларды ынталандыру мақсатында қомақты қаржылай сыйлықтар тағайындаған:

  • 💰 Алдыңғы кезеңдер: Аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінде оқ бойы озық шыққан 54 топ арнайы ақшалай сыйақылармен марапатталды.

  • 🥇 І орын иегерлеріне: 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлде;

  • 🥈 ІІ орын иегерлеріне: 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлде;

  • 🥉 ІІІ орын иегерлеріне: 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық қарастырылған.

Аталған зияткерлік жоба өңірдегі мектеп оқушыларының рухани байлығын арттырып, оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге зор серпін берді.

Оқи отырыңыз...

ДӘРІГЕРЛЕР АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУЛЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАР КҮНІ

МЕМОРГАНДАР КӘСІПКЕРЛЕР АЛДЫНДАҒЫ 1 МЛРД.ТГ ЖУЫҚ ҚАРЫЗДЫ ӨТЕДІ