Caspian News, 25 мамыр. Мұнайлы астананың қақ ортасында орналасқан Сұлтан Бейбарыс алаңы халықаралық мәдениет пен ұлттық қолөнердің орталығына айналды. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 100-ден астам хас шебердің басын қосқан «ШеберFEST – 2026» халықаралық фестивалі өтті. Бұл шара жай ғана көрме сипатында емес, қатысушы елдердің ұлттық өнерін ұлықтаған нағыз мәдениет мерекесіне ұласты.
Бір алаңда қолөнершілер өз қолдарынан шыққан 4 000-ға жуық бірегей авторлық бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары киіз басу, зергерлік өнер, ағаш жону, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, тоқымашылық және заманауи этнодизайн бағыттары бойынша сирек кездесетін туындыларды тамашалады. Фестиваль аясында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, көздің жауын алатын этно-дефиле және ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды. Шара Атырау облысы әкімдігі мен Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен өтті.
Креативті индустрия — басты бағыт
Өңірдегі мәдениет саласының басшылары бұл шараның жергілікті қолөнершілердің кәсіби деңгейін көтерудегі маңызы зор екенін атап өтті.
Әбіл Жоламанов, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы бұл бағытты, яғни креативті индустрияны дамыту бойынша алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Осы мақсатта біз Атырауға отандық және шетелдік хас шеберлерді шақырып, өңірдегі қолөнершілеріміздің де деңгейін көрсетуге жағдай жасаудамыз. Өзіңді көрсету және өзгелердің тәжірибесін көру — бұл шеберлер үшін ең басты мақсат. Біз бұл халықаралық қолөнер фестивалі жергілікті халық шеберлерінің дамуына жаңа серпін береді деп есептейміз».
Сабақтастық пен партиялық қолдау
Фестиваль барысында ұйымдастырылған арнайы шеберлік сағаттары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Онда жиналған қауым дайын бұйымдарды ғана көріп қоймай, олардың жасалу процесіне тікелей куә болды. Шараның өтуіне белсенді атсалысқан саяси ұйым өкілдері де бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізді.
Бейбіт Мырзағалиев, «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы:
«Алдағы уақытта мұндай тағылымды шараларды тұрақты түрде өткізіп, оның ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Фестиваль халықаралық сипатқа ие болғандықтан, ол мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ шеберлер мен мәдени қауымдастықтардың өзара іс-қимылын дамытуға септігін тигізеді. Бұл — шараның ең басты мақсаттарының бірі.
«Amanat» партиясы қолөнерді дамытуға үнемі қолдау көрсетіп келеді және жас шеберлерге, ремесленниктер мен шығармашылық мамандарға, әсіресе аймақтардан шыққан таланттарға өз дағдыларын дамытып, еңбектерін осындай үлкен алаңдарда таныстыруға барынша көмектеседі».
Тұрғындар мен қонақтардың лебізі (Блиц-сауалнама):
1-ші тұрғын: «Бүгінгі көрме маған өте қатты ұнады. Қатысушылардың барлығы Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіпті. Олардың әкелген киімдері мен қолөнер бұйымдары өте ерекше екен, әсіресе ұлттық нақыштағы киімдердің өте жылы әрі әдемі жасалғаны сүйсіндірді».
2-ші тұрғын: «Осылай отбасымызбен бірге келіп, тамашалап отырмыз. Нағыз рухани кеш болып жатыр. Атырауда осындай жоғары деңгейдегі халықаралық өнер фестивальдерінің жиі өткені өте жақсы».
3-ші тұрғын: «Бұл көрмеге құрбым екеуміз бірге келдік. Бірінші рет келуіміз, мұндағы ұйымдастырылған жәрмеңке, билер мен әуезді әндер бізге өте қатты ұнап жатыр».
Ұрпақтар сабақтастығы: «ШеберFEST – 2026» фестивалі сонымен қатар әртүрлі буын өкілдері арасындағы тікелей диалог алаңына айналды. Көп жылдық тәжірибесі бар аға буын шеберлер өздерінің білімі мен құпияларын жас қатысушыларға үйретіп, көне дәстүрлі техникаларды заманауи үлгіде сақтап қалудың бірегей жолдарын көрсетті.
