Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

ҚАДАМЫҢ СӘТТІ БОЛСЫН, ТҮЛЕК! ЕЛІМІЗДЕГІ 3,9 МИЛЛИОННАН АСТАМ ОҚУШЫҒА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Бүгін Қазақстанның барлық білім беру мекемесінде 2025-2026 оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты соңғы қоңырау шаралары өтті. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, биылғы оқу жылын еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы тәмамдады. Ел ертеңі болар жас буынның ішінде 215 мыңнан астамы — мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қадам басқан бітіруші түлектер.

Биыл білім деңгейінің жоғарылығымен көзге түскендер қатары да қалың: 31 мыңнан астам 9-сынып оқушысы және 18 мыңнан астам 11-сынып түлегі үздік аттестаттан басты үміткер болып отыр. Елордадағы Ұлы Абай атындағы мектептің бітірушілері де үлкен үмітпен болашақ мамандықтарын айқындап қойған.

Түлектер лебізі: Болашаққа бағдар

  • Айғаным Мақсұтханова, мектеп бітіруші түлек:

    «Айтыс ақыны — қазақтың төл өнері. Мен болашақта қазақтың атын әлемге танытатын айтыскер ақын болғым келеді. Жалпы, біздің тегімізде ақындық қасиет бар. Сыбан руынан 17 халық ақыны шыққан. Нағашы жұртымнан да, өз ата-бабамнан да дарыған қасиет. Ақындық өнері менімен бірге туды десем де болады».

  • Әлшуақ Кеңшілік, мектеп бітіруші түлек:

    «Мен бейіндік пән ретінде биология мен химияны таңдадым. Болашақта медицина саласында жұмыс істеп, адамдардың өмірін арашалайтын білікті дәрігер болғым келеді. Бұл мамандықты таңдауыма бала кезгі арманыммен қатар, отбасымның да қолдауы мен ақыл-кеңесі үлкен әсер етті».

Мекемелердегі кештерге тыйым және ата-аналар наразылығы

Биылғы мектеп бітіру шараларының ең басты ерекшелігі — қатаң шектеулердің енгізілуі. Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығына сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге мүлдем тыйым салынды.

Аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек қана білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс. Сондай-ақ, ата-аналардан ақша жинауға, мұғалімдерге қымбат сыйлықтар жасауға, көлік шерулерін (кортеж) өткізуге және мерекелік агенттіктерді тартуға жол берілмейді. Дегенмен, ата-аналар қауымы мектептен тыс уақыттағы балалардың қадамдарын реттеу мүмкін емес екенін айтады.

Кеңшілік Тышқан, ата-ана:

«Мектеп бітіру іс-шаралары мектептегі ресми жиын аяқталғаннан кейін, яғни мектептен тыс уақытта болады ғой. Егер ата-анасы баласының қауіпсіздігі мен кешті өткізуіне өздері толық жауапкершілік алып отырса, оған бұлай жаппай шектеу қоюдың еш қажеті жоқ еді. Әрине, кейбір ата-ананың әлеуметтік жағдайын да қарау керек шығар. Бірақ солардың көңілі үшін бүкіл республика бойынша мектеп бітіру кештерін атап өтуге тыйым салу дұрыс емес. Бұған заңнамалық негіз де жоқ деп ойлаймын. Ата-ана мектептен тыс уақытта балаларымен қайда баратынын өзі шешуі керек қой».

«500 мың теңгеге дейін ақша жинайды»: Депутат мінбері

Қоғамда қызу пікірталас тудырған бұл мәселеге ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов те өз пікірін білдіріп, аста-төк ысырапшылыққа тоқтау салу қажеттігін мәлімдеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

«Қымбат мейрамхана, қымбат лимузиндер жалдап, ата-аналар артық шығынға батады. Оның соңы жол апаттарына, басқа да келеңсіз жағдайларға әкеліп соғып жатады. Мұның әлеуметтік жағын да ұмытпау керек. Бізге келіп түскен хаттарда ата-аналардың мектеп бітіру кешіне 300 мыңнан, 500 мың теңгеден, тіпті одан да көп ақша жинап жатқаны жазылады. Ол әр отбасының қалтасы көтеретін сома емес. Мұны мектеп әкімшілігі мәжбүрлеп отырған жоқ, сол әйгілі мессенджерлердегі чаттарда ата-аналардың өздері бастамашы болып шығады. Соңғы қоңыраудан кейін өмір тоқтап қалатындай әрекет етудің қажеті жоқ. Біз үнемділікке үйреніп, бәрін рационалды түрде қабылдауымыз керек».

Түйін: Ресми құжатқа сай, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинау немесе материалдық құндылықтар талап ету деректері анықталса, мектеп басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жауап береді. Ал алдағы уақытта түлектерді үлкен өмірге жолдама беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) күтіп тұр.

Оқи отырыңыз...

Ақтау әуежайында шетелдіктер есірткіні асқазанына жасырып өтпек болған

АТЫРАУДА ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ АЛҒАШ РЕТ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛДІ

ОҚУШЫЛАР ӘСКЕРИ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫНА ҚАТЫСТЫ