Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

«ШЕБЕР FEST-2026»: ШЕТЕЛДІК ҚОЛӨНЕРШІЛЕР АТЫРАУЛЫҚТАРҒА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Caspian News, 22 мамыр. Мұнайлы астанада халықаралық «Шебер FEST-2026» фестивалі өз жалауын желбіретті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл ауқымды шара ұлттық қолөнерді дәріптеуге, халықтық өнерді кеңінен насихаттауға, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға және өңірдегі мәдени туризмді дамытуға бағытталған.

Фестиваль аясында қаламыздағы Creative Hub орталығында ерекше шығармашылық қозғалыс басталды. Мұнда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған танымал қолөнер шеберлері жергілікті тұрғындар мен жас ізденушілерге арнап арнайы шеберлік сағаттарын өткізді. Қатысушылар саз балшықтан бұйым жасау, ұлттық керамика, құрақ құрау және біз кесте өнерінің қыр-сырын меңгеріп, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

Тәжірибе алаңы: Кім не үйретті?

Шара барысында әр елден келген хас шеберлер өз ұлттарының бай мәдени мұрасы мен қолөнердегі бірегей әдіс-тәсілдерін ортаға салды.

Азиза Хамзина, Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі бөлімінің қор сақтаушысы:

«Фестивальдің практикалық бөлімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Алматы қаласынан арнайы келген Гүлназым Өмірзақ қатысушыларға біз кестемен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретуде. Ал Ресей Федерациясының өкілі Оксана Гречкина саз балшықтан бұйым жасау бағытында өзіндік тәжірибесімен бөліссе, Қырғыз Республикасынан келген Бактыгуль Капалова дәстүрлі құрақтан бұйым жасаудан шеберлік сағатын өткізіп жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының шебері Мухаммаддиёр Назиров өзбек халқының ұлттық керамика өнерін таныстыруда. Осындай жоғары деңгейдегі халықаралық шеберлік сағаттары жастардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашып қана қоймай, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты барынша нығайта түсетініне сенімім кәміл».

Мақсат пен маңыз: Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шебер FEST-2026» фестивалі тек көрме сипатында емес, ұмытылып бара жатқан көне қолөнер түрлерін қайта жаңғырту және оны келешек ұрпаққа аманаттау мақсатында үлкен практикалық мектепке айналып отыр. Фестиваль аясындағы танымдық шаралар мен өнер жәрмеңкесі алдағы күндері де жалғасын таппақ.

Оқи отырыңыз...

АТЫРАУЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ КӨШБАСШЫЛАРЫ АСТАНА МЕН АЛМАТЫДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

ЖАСТАР ӨЗДЕРІ ТУРАЛЫ

В Атырау пропавшего человека искали пять дней и нашли в соседней области