Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

«АҚЫН. ПУБЛИЦИСТ. ҒАЛЫМ»: АТЫРАУДА ТАНЫМАЛ ҚАЛАМГЕР ГҮЛЗАДА НИЕТҚАЛИЕВАНЫҢ 60 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАП ӨТІЛДІ

Caspian News, 22 мамыр. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұлттық әдебиет пен журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті тұлға, ақын, әдебиеттанушы-сыншы әрі публицист Гүлзада Ниетқалиеваның 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Ақын. Публицист. Ғалым» атты ғылыми-танымдық семинар өтті.

Гүлзада Рахметқызы — Қазақстан Жазушылар одағының және Лондондағы Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі. Тағылымды кешке белгілі ғалымдар, аймақтың зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен қара шаңырақтың студент жастары қатысты.

Жастарға үлгі: Семинардың басты мақсаты

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның жас буын үшін, әсіресе болашақ филологтар мен журналистер үшін тәрбиелік және ғылыми мәні зор.

Өмірбек Бекежан, шараны ұйымдастырушы:

«Бұл кісі ақындығымен қоса, журналистігімен де, ғалым-зерттеушілігімен де кеңінен танылған тұлға. Ол Рахымжан Отарбаев сынды белгілі жазушылардың шығармашылығын зерттеп, оларға терең талдаулар жасаған сыншы қаламгерлердің бірі. Сондықтан бүгінгі ғылыми семинардың басты мақсаты — Атырау университетінің қара шаңырағында білім алып жатқан студент жастарды мерейтой иесінің сан қырлы шығармашылығымен және ғылыми еңбектерімен кеңінен таныстыру».

Құрметті атақ пен жоғары баға

Салтанатты жиын барысында мерейтой иесінің сан жылдық еңбегі еленіп, бірнеше жоғары марапаттар табыс етілді. Университет ректорының атынан арнайы алғыс хат беріліп, Гүлзада Ниетқалиеваға оқу орнының «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде берілді. Сонымен қатар, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ақынды «Хиуаз Доспанова» төсбелгісімен марапаттады.

Мерейтой иесінің ұстазы, белгілі ғалым шәкіртінің қазақ поэзиясындағы орнына тоқталып, оның лирикалық туындыларына өте жоғары баға берді.

Қадір Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Гүлзада — өте керемет, үздік лирик ақын. Оның поэзиясы біздің облыста 2000-жылдардағы ең үздік лирикалық туындылардың бірі деп есептеймін. Ол 60-жылдары дүниеге келіп, еліміз егемендік алған тұста, ғасыр басындағы өтпелі кезеңде халықтың тағдыры мен өмірін терең сезініп, соны өлеңдеріне арқау етті.

Оның шығармаларында табиғат, көңіл-күй және махаббат лирикасы өте әсем өрнектелген. Сонымен қатар ол тек қысқа өлеңдермен шектелмей, ірі дастандар да жазды. Ақынның басты ерекшелігі — бұл дастандар көбіне ел ішіндегі пірлер мен қасиетті тұлғалардың өміріне арналған».

Қаламгер қолтаңбасы: Гүлзада Рахметқызы — қазақ поэзиясы мен публицистикасында өзіндік өрнегін салған шығармашылық иесі. Оның еңбектерінде ұлттық рух, адам жанының нәзік иірімдері көрініс тапса, әдебиеттану мен сын саласындағы зерттеу мақалалары өзінің ғылыми тереңдігімен оқырман қауымның жоғары бағасына ие болып келеді.

Оқи отырыңыз...

МАСШТАБНЫЙ МАРАФОН ПРОШЕЛ В ЖАНАОЗЕНЕ

КОНТРОЛЬ ЗА ЦЕНАМИ НА СОЦИАЛЬНО ЗНАЧИМЫЕ ТОВАРЫ УСИЛЕН В МАНГИСТАУ

«ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРЛЕРІНІҢ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ 2-ШІ КЕЗЕҢІ