Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
ЖаңалықтарМәдениетӨнер

ҚАЗАҚ БИШІЛЕРІ РЕСЕЙЛІК ӘНШІ МОТТЫҢ КОНЦЕРТІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТТЫ

Caspian News, 22 мамыр. Алматы қаласында өткен ресейлік танымал әнші Моттың (Матвей Мельников) концертінде отандық шығармашылық ұжымдар мен шетелдік ұйымдастырушылар арасында түсініспеушілік туындады. Белгілі кәсіби биші әрі хореограф Әнел Қалиева өзінің би тобымен бірге 21 мамыр күні өткен ауқымды кеште өнер көрсетуден үзілді-кесілді бас тартып, сахнаға шықпай қойғанын ашық мәлімдеді.

Хореографтың айтуынша, бұл шешімді қабылдауға концертке дайындық (репетиция) кезінде жергілікті қазақстандық мамандарға көрсетілген кәсіби құрметсіздік пен дөрекілік себеп болған.

«Біздің адамдарға сыйластық танытпады»

Әнел Қалиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, өнер адамдарының құқығы мен абыройы кез келген гонорардан биік екенін жеткізді.

«Мен негізі мүлдем жанжалқұмар адам емеспін. Егер маған немесе менің ұжымыма негізсіз тиіп кетпесе, үнемі күліп, өз жұмысымды істеп жүре беремін. Кеше біздің команда Моттың концертінде билеуі керек болған еді. Алайда, дайындық барысында шетелдік топ тарапынан біздің өнерпаздарға деген ешқандай сыйластықтың жоқтығын, менсінбеушілік танытқанын байқадық. Осыдан кейін біз бұл концертте билемейміз деп шештік те, бірден үйге қайтып кеттік. Өз кәсіби өмірімде бірінші рет осындай келеңсіз жағдайға тап болып отырмын», — деп жазды биші.

Хореограф өз сөзінде елімізге гастрольдік сапармен қонақ болып келген кез келген шетелдік танымал жұлдыз бен оның менеджменті, ең алдымен, жергілікті қазақстандық мамандардың еңбегін бағалап, жоғары кәсібилік пен этика танытуы тиіс екенін қадап айтты.

Сынға жауап: «Мен үшін Мот емес, Қайрат Нұртас — аңыз»

Желі қолданушыларының арасында бишінің бұл батыл әрекетін қолдағандармен қатар, «халықаралық деңгейдегі үлкен сахна мен екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен мүмкіндіктен өз еркіңмен айырылдың» деп айыптап, сынға алғандар да табылды. Алайда, Әнел Қалиева шетелдік әншімен бір сахнада өнер көрсетуді ерекше мақтануға тұрарлық дүние деп есептемейтінін айтып, сыншыларға кесімді жауап берді.

Бишінің сын айтушыларға қайтарған жауабы:

«Ол қандай мүмкіндік сонда? Мен жақында, яғни 24-і күні өзіміздің Қайрат Нұртаспен бірге сахнаға шығып, билеймін. Міне, мен үшін нағыз мүмкіндік те, шынайы аңыз да — сол кісі! Ал өзімізді сыйламаған өзге елдің әншісі үшін намысымызды таптатудың не қажеті бар?»

Отандық өнер иесінің бұл мәлімдемесі желіде үлкен талқылау тудырды. Мәдениет саласының өкілдері мен тыңдармандар қазақстандық бишілердің өз намысы мен кәсіби абыройын қорғап, мұндай қадамға барғанын толықтай қолдап, шоу-бизнестегі ішкі мәдениет пен өзара сыйластық мәселесін қайта көтеруде.

Оқи отырыңыз...

1-СӘУІРДЕ БІРІНШІ СЫНЫПҚА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

«АТЫРАУ-АСТРАХАНЬ» ТАС ЖОЛЫНЫҢ ҚАЛАҒА КІРЕ БЕРІС БӨЛІГІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

ЖАЛАҚЫ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН