Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

МАҚАТТА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ: ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Caspian News, 21 мамыр. Мақат ауданында 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай «Өнер әлемі» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде бас қосқан шығармашылық сала өкілдерінің құрметіне арналған кеште аймақтың мәдениеті мен руханиятын дамытуға үлес қосып жүрген майталмандар ұлықталды.

Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекбол Әбуов құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлерінің қоғам өміріндегі, елдің рухани болмысын қалыптастырудағы айрықша орны мен рөліне тоқталып өтті.

Өнер майталмандарына жоғары құрмет

Шара барысында адал еңбегімен, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және аймақтың мәдени әлеуетін көтерудегі белсенділігімен көзге түскен 25 қызметкерге арнайы құрмет көрсетілді. Сала үздіктері атқарған жұмыстарының деңгейіне қарай мынадай жоғары марапаттарға ие болды:

  • Мақат ауданы әкімінің Алғыс хаты;

  • Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаты;

  • Облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хаты;

  • «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының Құрмет грамотасы.

«Мәдениет қызметкері болу — үлкен жауапкершілік»

Марапат иелері мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдаудың шығармашылық ұжымға үлкен серпін беретінін жеткізіп, мамандықтың қыр-сырымен бөлісті.

Нұргүл Базарқұлова, Мақат аудандық мәдениет үйінің хореографы:

«Бүгінгі кәсіби мерекемізге орай еңбегіміз еленіп, осындай жоғары марапатқа ие болып жатқаныма өте ризамын. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын! Негізі, мәдениет қызметкері болу оңай емес, бұл саланың өзіндік қиындықтары да жетерлік. Қандай ауа райы болмасын — қыстың суығында да, жаздың аптап ыстығы мен шаңды күндерінде де біз халықтың көтеріңкі көңіл-күйі үшін үнемі алдыңғы шепте қызмет етіп келеміз. Бүгінгі құрмет осы еңбектің өтеуі деп білемін».

Салтанатты кештің ресми бөлімінен кейін жиналған қауым мен қонақтар үшін аудан өнерпаздарының қатысуымен дайындалған ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би ұжымдарының өнері мерекелік кештің сәнін кіргізіп, көрермендерге ерекше рухани азық сыйлады.

Оқи отырыңыз...

В АКТАУ ДЛЯ ПОВЫШЕНИЯ ДАВЛЕНИЯ ВОДЫ УСТАНОВИЛИ НАСОСНЫЕ СТАНЦИИ

Мейрам күндері облыста бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ

Жаңадан тағайындалған Премьер-министр туралы не білеміз?