Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениетСпорт жаңалықтары

ӨНЕР ПЕН СПОРТ ҰШТАСҚАН КҮН: ҚЫЗЫЛБАЛЫҚ АУЫЛЫНДА ӨНЕР АДАМДАРЫ КІШІ АЯҚ ДОПТАН СЫНҒА ТҮСТІ

Caspian News, 21 мамыр. Атырау қаласы, Дамбы ауылдық округіне қарасты Қызылбалық ауылында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің қатысуымен кіші аяқ добынан (мини-футбол) «Damby Oner Cup – 2026» ашық турнирі өтті. Айтулы спорттық шара 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай өңірдегі шығармашылық сала өкілдерінің тікелей бастамасымен ұйымдастырылды.

Тартысты өткен додаға өңірдегі мәдениет ошақтарының қызметкерлерінен, медиа саласы мен той-бизнес өкілдерінен құралған 8 команда қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнирге биыл да қатысушылар жоғары дайындықпен келген. Ойыншылардың пікірінше, мұндай спорттық шаралар әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етеді.

«Мақсат — жеңіске жету және достықты нығайту»

Жарыс алаңында бақ сынаған өнерпаздар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және бұл шараны жыл сайын асыға күтетіндерін жеткізді.

Жұмабек Тұрғали, турнирге қатысушы:

«Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, тартыс өте қатты. Өзіміздің ұжымға тоқталсам, біз алаңға “Жұма принт” командасы атынан шықтып жатырмыз. Командамыздың құрамында негізінен той саласында, медиа бағытында жүрген танымал видеографтар мен фотографтар жиналған. Басты мақсатымыз — әдемі ойын өрнегін көрсетіп, 1-орынды иелену. Бұл біз үшін дәстүрлі шараға айналды, жыл сайын қалдырмай қатысуға тырысамыз».

Бейсенбек Имашев, турнирді ұйымдастырушы:

«Бұл турнирді ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз — қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ күнделікті шығармашылық жұмыста жүрген өнер саласындағы азаматтардың басын қосып, олардың арасындағы өзара сыйластықты, достық пен адалдықты дамыту. Биыл бұл доданы Дамбы округіне қарасты қасиетті Қызылбалық ауылында өткізуді жөн көрдік».

Дода жеңімпаздары анықталды

Жасыл алаңдағы тартысты бәсеке мен қызу ойын нәтижесінде үздік шыққан командалар мен жүлдегерлер есімдері анықталды. Қазылар алқасы мен төрешілердің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

  • І орын — Оқ бойы озық шыққан «Ақ Жайық» командасы турнирдің бас кубогін иеленді;

  • ІІ орын — Жоғары шеберлік көрсеткен жергілікті «Дамбы өнер» командасына бұйырды;

  • ІІІ орын — Медиа саласының шеберлерінен құралған «Juma Print Media» командасы үздік үштікті түйіндеді.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ турнир барысында ерекше ойын өрнегімен көзге түскен үздік ойыншыларға арнайы дипломдар, медальдар және ұйымдастырушылар атынан ақшалай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

Оқи отырыңыз...

ЖОЛ АПАТЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН 3 АДАМ ТІКҰШАҚПЕН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА ЖЕТКІЗІЛДІ

Что теперь разрешено или запрещено в школах согласно новому закону

МОЛОДЕЖНЫЙ ТЕАТР ПОСЕТИЛ ИСАТАЙСКИЙ РАЙОН